Украина президенті Владимир Зеленский АҚШ әкімшілігі мен Дональд Трамп тарапынан Ресеймен компромиске бару қажеттігі туралы сигналдар алғанын мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ "Еуропейская правдаға" сілтеме жасап.
Зеленскийдің айтуынша, АҚШ тарапынан "қазір компромиске барудың уақыты келген, бірнеше қадам алға жасауға болады" деген сигналдар берілген.
Сонымен қатар, ол АҚШ президенті соғысты уақытша тоқтату және уақытша келісім жасау ұсынысын жасағанын айтты. Украина шартсыз атысты тоқтатуға дайын болған, бірақ Владимир Путин одан бас тартқан.
Зеленскийдің пікірінше, бұл жағдай Путинге нақты қысым жасалғанша жалғасады.
Әрине, ол бас тартады… Бүгін бір себеп, ертең басқа себеп… Біз оған қысым көрсетуіміз керек. Путин соғысқа нақты қысым көрсетілгенде ғана тоқтайды, – деді ол.
Өткен жұмада Трамп украиналық әріптесіне әрекет етуге шақырып, әйтпесе Ресеймен келіссөзде «тамаша мүмкіндікті» жоғалтуы мүмкін екенін ескерткен.
Сондай-ақ АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Мюнхен конференциясында Вашингтон соғысты тоқтату үшін барлық күш-жігерін көрсететінін айтты. Оның сөзінше, АҚШ Киев үшін қолайлы, ал Мәскеу үшін де қабылдауға болатын нәтижеге жетуге болатынын зерттеуді жалғастырады.