Депутат Фахриддин Қаратаев отандық бау-бақша шаруашылығында жинақталған проблемаларды көтерді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ол осыған қатысты депутаттық сауалын Премьер-министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғаринге жолдады.
Соңғы жылдары оңтүстіктегі бау-бақша шаруашылығына үлкен мән беріліп жатыр. Өңірдің табиғи-климаттық жағдайлары тамаша бақша өсіруге, Қазақстан халқының қажеттілігін жемістермен толық қамтамасыз етуге, ал артығын экспорттауға мүмкіндік береді. Түркістан облысындағы бау-бақша 17,7 мың гектарды алып жатыр, оның 4,7 мың гектары – қарқынды алма бақтары, бұл жалпы еліміз бойынша бау-бақша алаңының 43%-ы, - деді ол.
Сөзінше, былтыр елімізде алма ағаштары жақсы өнім берді, алайда оның басым бөлігін өткізуге қатысты үлкен проблемалар болып, ағаш басында жиналмай қалып қойды.
Негізгі мәселе - сауда желілері мен делдалдар ұсынатын сатып алу бағаларының төмендігі. Келісі 100-150 теңге. Сондықтан бақшаның бір бөлігін жинау экономикалық тұрғыдан тиімсіз, өйткені шығындар болжамды кірістен асып түседі.
Бақшаның бір бөлігін, Беларусь Республикасына немесе Ресейге экспортқа жіберу осы тығырықтан шығу жолы болуы мүмкін. Еуразиялық экономикалық одақ бойынша солтүстік көршілер тарапынан жемістерге сұраныс бар және олар бір килограмға ең аз дегенде 300 теңге төлеуге дайын. Бірақ мұнда Қазақстанның жеміс саласының тағы бір проблемасы – дайындау және өткізу жүйесінің болмауы жемісті тиеп-жөнелтуге айтарлықтай кедергі келтіреді, - деді депутат Қаратаев Мәжілісте.
Оның айтуына қарағанда, ішкі нарықтағы алма өндірушілер сауда желілері артықшылық беретін импорттық өнімдермен бәсекелесуі керек. Нәтижесінде ауыл шаруашылығы өндірушілері бақша егуге және күтіп ұстауға үлкен қаражат жұмсады және өсірілген дайын өнімді полигонға тастауға тура келетін жоғарыда аталған жағдайларға тап болып отыр.
Ол Үкіметке мынадай ұсынысын айтты.
Бірінші, алма экспортына жағдай жасау. Қазақстандағы көтерме-бөлу база орталықтары желісінің даму барысы туралы ақпарат беру. Экспорттық өнімді салқындату, сұрыптау және орау үшін жағдай жасау. Екіншіден, сауда желілерінің сөрелерінде отандық өнімге басымдық беру мәселесін пысықтау. Ынталандыру шараларын қамтамасыз ету. Үшіншіден, ірі қалаларда ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер өз өнімдерін делдалдарсыз тікелей сата алатын көтерме сауда нүктелерін қамтамасыз ету, - деп ұсынысын жолдады депутат Фахриддин Қаратаев.
Сонымен қатар төртіншіден, ауыл шаруашылығы өнімдерін сатуға арналған барлық ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер мен қайта өңдеушілер үшін интернеттегі электронды сауда алаңын іске қосуды ұсынды.