Келесі Олимпиадада 71 келіде өнер көрсеткім келеді - Төрехан Сабырхан

8 Қараша 2024, 09:30
5217
Бөлісу:
Келесі Олимпиадада 71 келіде өнер көрсеткім келеді - Төрехан Сабырхан
PHOTO
Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

Будве қаласында болған жастар арасындағы Әлем чемпионатының чемпионы, төрт дүркін Азия чемпионы Төрехан Сабырханмен Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі сұхбаттасты. Әлем сарапшылары «Азия сойқаны» деп атап кеткен боксшы спорттағы мансабы мен жоспарлары туралы айтты.

- Будве қаласында болған жастар арасындағы Әлем чемпионаты сіз үшін сәтті болды. Жалпы бұл жарысқа дайындық қалай жүрді? Жарыс сіз үшін қалай өтті?

- Иә, бұл әлем чемпионаты мен үшін өте сәтті әрі табысты өтті. Дайындығымыз жоғары деңгейде болды. Өзіміздің жаттығуымызға көңіліміз толды. Жеңіске жетуге бар күшімізді салып, дайындығымызды, бапкерлеріміз бен ата-анамыздың сенімін толықтай ақтап шықтық деп ойлаймын.

- Жалпы әлем чемпионатының үздік бокшысы атану – сіз үшін нені білдіреді?

- Мен үшін қазақ боксының өте жоғарғы деңгейде екенін білдіреді. Себебі біздің алдыңғы буын ағаларымыздың жарқын жеңісі мен жаттықтыруы бізге үлгі-өнеге болды. Сондай-ақ бапкерлеріміздің жаттықтыруының жоғарғы деңгейде болғанын көрсетті.

Келесі Олимпиадада 71 келіде өнер көрсеткім келеді - Төрехан Сабырхан
Кейіпкердің жеке мұрағатынан

- Бокспен қанша жасыңыздан бері айналысып келесіз? Боксқа келуге біреу себепкер болды ма, әлде өзіңіз таңдадыңыз ба?

- Мен спортқа 9 жасымда келдім. Боксқа қызығып, бет бұруыма Махмұд ағамның осы салада жүруі себеп болды. Кішкентай кезімде, ағам жарыстардан 1-ші орынды алып келетін. Содан болар, менде ағамның жолын қуып, жеңімпаз болсам деген қызғушылығым оянды. Осы күнге, жарқын жеңістерге, әлем чемпионы болуым ағамның және бапкерлерімінің арқасы деп санаймын. 

Келесі Олимпиадада 71 келіде өнер көрсеткім келеді - Төрехан Сабырхан
Кейіпкердің жеке мұрағатынан

- Алдағы жоспарларыңыз қандай? Енді жастар арасындағы құрамадан Ұлттық құрамаға ауысасыз ба?

- Желтоқсан айында ересектер арасында бокстан ел біріншілігі өтеді. Бұйырса, сол жарыста 67 келі салмақта өнер көрсететін боламын. Алдағы мақсатым - сол ел чемпионатында жеңімпаз болу. Одан кейін ересектер арасындағы Әлем чемпионатында, Олимпиада ойындарын бағындырсам деймін.

- 2028 жылы өтетін Лос-Анджелестегі Олимпиадаға барсаңыз, қандай салмақта бақ сынағыңыз келеді?

- Келесі жазғы Олимпида ойындарына барсам, қазақтың салмағы - 71 келіде өнер көрсетсем деген ойым бар. Бұйырса сол салмаққа ауысып, өнер көрсететін боламыз.

Келесі Олимпиадада 71 келіде өнер көрсеткім келеді - Төрехан Сабырхан
Кейіпкердің жеке мұрағатынан

- Әуесқой бокстағы барлық мақсатыңызға жетсеңіз, кәсіби боксқа ауысасыз ба? Жалпы ұлттық құрамадан кетіп, кәсіби боксқа кететін спортшылар туралы ойыңыз қалай?

- Әуесқой бокстың шыңы ол Олимпиада. Еліміздің көк туын көкте желбіреттіп келгеннен кейін кәсіби боксқа ауысу ойымда бар. Геннадий Головкин, Жәнібек ағаларымыз секілді ол жақта да қазақтың бокс өнерін көрсетеміз деген үміт бар.

Келесі Олимпиадада 71 келіде өнер көрсеткім келеді - Төрехан Сабырхан
Кейіпкердің жеке мұрағатынан

- Лос-Анджелес-2028 Олимпиадасынан бокс алынып тасталады деп ойлайсыз ба?

- Келесі жазғы Олимпиада ойындарында бокс болмайды деп көп адамдар айтып жатыр. Бірақ менің ойымша, Олимпиададан бокс алынбайды. Себебі бұл спорт түріне қызығатын адамдар өте көп. Сондай-ақ төртжылдықтың басты додасында бокс болмаса қызығы кетіп қалатындай көрінеді.

-Әңгімеңізге рахмет!

Өзгелердің жаңалығы