"Келешек мектептері" – тұрғылықты жерінде, қолжетімді әр оқушыға сапалы білім беруді көздейтін білім ордалары. Олар гимназия немесе лицей емес, өзіндік оқу-тәрбие үдерісі бар баланың жан-жақты дамуына жағдай жасайтын мектептер, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ұлттық жоба аясында 460 мың орынға шақталған 217 мектеп ашылады деп жоспарланған. Қазір жоспардың 69 пайызы орындалды. Бұл дегеніміз – 146 мыңға жуық оқушы оқитын 150 білім мекемесі.
Оның ішінде 40 мектепті "Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы" жобасының резервистері басқарады. Осылайша, бұл білім ордалары жаңа стандарттарды, цифрлық технологияларды және тәрбиелік бағыттағы тәжірибелерді енгізетін алаңға айналуда.
Негізінен, "Келешек мектептері" бірыңғай заманауи стандарттармен және технологиялармен ерекшеленеді. Оған қоса, бұл оқу ордаларында күшейтілген қауіпсіздік режимі қамтамасыз етіліп, әр балаға қолжетімді сапалы білімге жағдай жасалады. Соның ішінде, ерте жастан кәсіби бағдар беруді де ерекше атап өту қажет.
Бұл жайлы ҚР Оқу-ағарту министрлігі Орта білім беру комитеті төрағасының орынбасары Зейнеп Махсутова айтып берді.
Жобаның негізгі басымдықтарының бірі – оқушыларға ерте жастан кәсіби бағдар беру. Бастауыш сыныптарда түрлі мамандық иелерімен кездесулер, арнайы апталықтар ұйымдастырылады. Ал 7-сыныптан бастап бейіндік оқыту, тәлімгерлік жүйесі және жеке білім курстары енгізіледі. Бұл қадамдар болашақ ұрпақтың дұрыс таңдау жасап, мықты маман болуына ықпалдасу мақсатында жасалып жатыр. Әрбір оқушы өз саласына саналы түрде баруы үшін ерте кәсіби бағдар беру жүйесін енгізу маңызды. Әрі мұндай жаңашылдықтар – әлеуметтік-экономикалық дамудың жаңа кезеңіндегі қажеттілік. Сондықтан, қазір еліміздің барлық мектептеріне профориентолог маман жұмысын жандандыру үшін жұмыстар жүріп жатыр. 2025-2026 оқу жылынан бастап кәсіби бағдар педагогі лауазымы штатқа ресми енгізіліп, олардың санын 8 мыңға дейін арттыру жоспарлануда, - дейді ол.
Бүгінгі таңда "Өрлеу" біліктілікті арттыру ұлттық орталығы кәсіби құзыреттілікті дамытуға арналған білім беру бағдарламасын әзірледі.
Бағдарлама педагогтердің кәсіби бағдар жұмыстарын тиімді ұйымдастыру дағдыларын жетілдіруге бағытталған. 2024–2025 жылдары осы бағдарлама аясында 2002 кәсіби бағдар педагогі біліктілікті арттыру курстарынан өтті.
2024 жылы Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының базасында Кәсіби бағдар беру және адами капиталды дамыту орталығы құрылды.
Қазіргі уақытта орталық кәсіби бағдар мен жастарды әлеуметтендірудің тиімді моделін әзірлеу бойынша жұмыс жүргізуде.