ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова «Келешек мектептері» директорларымен кездесу өткізіп, мектептердің даму стратегиясын талқылады. Кездесу барысында білім сапасын арттыру және мектеп менеджментінде заманауи стандарттарды енгізу мәселелері басты назарға алынды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ашық микрофон форматында өткен пікірталаста министр жобаның жаңа білім беру моделінің іргетасы екенін атап өтті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен қолға алынған бұл жоба бүгінгі күні білім сапасының жаңа платформасына айналды. Сіздер басқаратын мекемелер осы модельдің негізгі орталығы, – деді Ж. Сүлейменова.
Сонымен қатар, министр жасанды интеллект пен автоматтандыру дәуірінде мектеп миссиясының түбегейлі өзгеретінін айтты. Халықаралық бәсекеге қабілеттілікті арттыру – «Келешек мектептері» менеджменті алдында тұрған басты міндеттердің бірі. Сондықтан мектеп бітірушілер ұлттық емтихандармен шектелмей, IELTS және SAT сияқты халықаралық стандарттарға сай білім деңгейін дәлелдеуі тиіс. Мектептерде академиялық ағылшын тілі, сыни ойлау және аргументация дағдыларын дамытуға ерекше көңіл бөлінеді.
STEM және инженерлік бағыттарды дамыту үшін қолданыстағы 180 робототехника кабинеті мен 150 STEM-зертхананы оқушылар үшін тәжірибелік және зерттеу алаңына айналдыру көзделген.
Оқу сауаттылығы мен функционалдық дағдыларды дамыту мақсатында мектептерде «Бір айда – бір кітап» қағидаты енгізіледі. Жобаның аясында барлық желілік мектептерде жылына 12 кітаптың бірыңғай тізімі оқылып, талқыланады. Бұл оқушылардың дебаттық және коммуникациялық дағдыларын жетілдіруге көмектеседі.
Сонымен қатар, «Келешек мектептері» тәрбие мазмұнын ұлттық спорт, домбыра және бейінді сыныптармен ұштастыра отырып, оқушылардың рухани және кәсіби дамуына жағдай жасайды.