Астанада «Ауыл мектебіндегі STEM: идеядан тұрақты тәжірибеге» атты республикалық әдістемелік интенсив ұйымдастырылды. Шараға еліміздің әр өңірінен шамамен 1 000 ауыл мұғалімі қатысып, 200-і офлайн, 800-ден астамы онлайн режимде біліктіліктерін арттыруда, деп хабарлайды BAQ.KZ Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.
ҚР Білім және ғылым министрі Жұлдыз Сүлейменова Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен білім саласындағы реформаларға тоқталды. 2025 жылды министр «орта білім саласы үшін тарихи жыл» деп бағалап, оқушылардың халықаралық олимпиадалар мен ғылыми конкурстардағы жетістіктерін атап өтті.
Министр ауыл мектептері инфрақұрылымын жаңғыртуға ерекше назар аударып, «Келешек мектептері» жобасы аясында 217 халықаралық стандартқа сай мектеп салынғанын, STEM-зертханалар мен робототехника кабинеттері жабдықталғанын жеткізді. Соңғы төрт жылда 1 242 жаңа мектеп салынып, үш ауысымды және апаттық жағдайдағы мектептер саны айтарлықтай қысқарды.
Ұстаздардың мәртебесін көтеру бағытында Қазақстан TALIS-2024 зерттеуінде мұғалімдердің жалақыға қанағаттану деңгейі әлемдік үздік бес елдің қатарына кіргенін көрсетті. «Педагог мәртебесі туралы» заң аясында мектеп мұғалімдерінің еңбекақысы екі есеге артты.
Интенсив барысында мұғалімдер цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні (AI) қолдану, жобалық басқару, командалық жұмыс және оқушылардың зерттеушілік қабілеттерін дамыту бойынша тәжірибе алмасты. Сонымен қатар, үздік STEM-кейстер таныстырылды.
Білім саласында цифрландыруға ерекше мән беріліп, «Qazaq Digital Mektebi» жобасы мен «QazTech» платформасы іске қосылды. Келесі жылы педагогтердің жұмысын жеңілдететін «ChatGPT Edu» цифрлық ассистенттері енгізілетін болады.