Қостанай қаласы №32 мектептің «Келешек мектептері» жобасы аясында жас экологтармен жұмыс жүргізу – оқушылардың табиғатқа деген сүйіспеншілігін арттыруға, экологиялық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған маңызды іс-шаралардың бірі. Қазіргі заманда экологиялық білім мен тәрбие беру тек мектеп қабырғасындағы пәндік біліммен шектелмей, балалардың практикалық дағдыларын дамытуға, табиғатты қорғау ісіне белсенді қатысуына жол ашады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Биология пәні мұғалімі Айдана Ізбасардың айтуынша, XXI ғасырда экология тақырыбы бүкіл әлем үшін маңызды мәселелердің біріне айналды. Ауаның және судың ластануы, ормандардың азаюы, жануарлар дүниесінің жойылу қаупі – барлығы адамзаттан табиғатты қорғауды талап етеді. Ал осы міндетті жүзеге асыруда мектептің орны ерекше.
Бұл мектеп – экологиялық білім мен тәрбиені дамытуды басты мақсат еткен оқу орны. Мұнда толық жабдықталған химия және биология кабинеттері бар. Оқушылар тек теориялық білім алып қана қоймай, тәжірибелер жүргізіп, табиғи үдерістерді бақылауға мүмкіндік алады. Мектеп ауласында ұйымдастырылған «Жасыл сыныптар», шағын жылыжайлар мен экозоналар балалардың табиғатпен тікелей байланыс орнатуына жағдай жасайды, - дейді ол.
Мектепте 2 экологиялық үйірме жұмыс істейді. Бұл үйірмелерде оқушылар ғылыми-зерттеу жобаларымен айналысып, табиғатты қорғау бағытында шығармашылық жұмыстар жасайды. Жергілікті экожүйені зерттеу, экологиялық проблемаларды шешудің жолдарын қарастыру – балалардың сыни ойлауын дамытып, экологиялық мәдениетін қалыптастырады.
№32 мектепте қағазды үнемдеу мақсатында электронды күнделік пен цифрлық оқулықтар қолданылады. Бұл ресурстарды тиімді пайдалануға үйретіп қана қоймай, оқушылардың жаңа технологияларға бейімделуіне мүмкіндік береді, - дейді мұғалім.
Қостанай қаласы №32 мектеп – экологиялық мәдениетке тәрбиелеудің жарқын үлгісі. Мұнда білім мен ғылым тәжірибемен ұштасып, жас ұрпақ табиғатпен үйлесімді өмір сүруді үйренеді. Экологиялық тәрбие – елдің болашағына қосылған зор үлес. Егер бүгінгі оқушылар табиғатты аялауды өмірлік қағидасына айналдырса, қоғамымыз экологиялық мәдениеттің жаңа деңгейіне көтеріледі. Экологиялық саналы ұрпақ – болашақтың кепілі.