Narxoz университетінің өкілдері Алматы облысындағы байланыс әскерлерінің оқу орталығында болып, әскери қызметшілерге мерзімді қызметті өткергеннен кейін жоғары оқу орнына түсу шарттары туралы түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мұндай кездесулер Қорғаныс министрлігі мен жоғары оқу орындарының әскери қызметтің тартымдылығын арттыруға бағытталған бірлескен жобаны іске асыруға кіріскенін көрсетеді.
Құжатқа Қорғаныс министрі мен 40-тан астам жоғары оқу орнының ректорлары қол қойған болатын. Осыған сәйкес белгіленген мерзімде қызметін өтеген және қызмет ету кезінде ерекшеленген әскери қызметшілерге жоғары оқу орындары тегін оқуға мүмкіндік береді.
Бұған дейін Құрлық әскерлері әскери институты мен Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының өкілдері де әскери бөлімде болып, осындай кездесулер өткізгенін атап өткен жөн. Бұдан өзге алдағы уақытта Қазақ ұлттық аграрлық университетінің мамандарымен де кездесу өткізу жоспарланып отыр.
Мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерге жоғары оқу орындарында жеңілдікпен білім алу туралы келісім 2023 жылдан бастап күшіне енеді.