Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Әлеуметтік және көліктік инфрақұрылым объектілеріне мониторинг жүргізу мақсатында "Ақмола – адалдық алаңы" аймақтық жобалық кеңсесі мен облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мүгедектермен және ардагерлермен жұмыс бөлімі мамандары Ақмола өңірінің бірқатар ауданына барды.
Мониторинг жүргізу барысында бұзушылықтар бары анықталды. Бұланды аудандық орталық ауруханасында мүгедектер автокөліктеріне арналған "тұрақ" белгісінің жанында асфальтта таңба, баспалдақтың төменгі және жоғарғы сатысына тисіті таңба, ғимаратта қозғалыс жолымен нашар көретіндерге арналған қозғалыс жолдарының рельефтік тактильді белгілері орнатылмаған. Мұндай бұзушылықтар басқа объектілерде де анықталды.
Жұмыс тобы Бурабай ауданында да объекттерді бейімдеу бойынша іс-шаралардың сапалы өткізілуін бағалау жөнінде жұмыс жүргізді.
Атап айтқанда, аймақтың аудандық емханасы, Мәдениет үйі, Щучинск қаласының №1 мектеп-гимназиясы, Педагогикалық колледжі, Курорт-Бурабай т/ж вокзалы, облыс бойынша "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының аудандық филиалының бөліміне болып, мүгедектердің мұқтаждығына бейімделуге жататын жоғарыда аталған объектілердің жұмысында бұзушылықтар анықтады, - делінген ақпаратта.
Осыған ұқсас жағдай Ақкөл ауданының әлеуметтік және көлік саласындағы объектілерде де орын алып отыр.
Мониторинг қорытындысы бойынша 21 аудандық объектілерге құрылыс нормалары мен ережелеріне сәйкес мүгедектер үшін бейімдеу іс-шараларын өткізу кезінде тиісті ұсыныстар берілді. Жобалық кеңсенің осы бағыттағы жұмысы жалғасуда.