Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан облысындағы "Қапланбек" кеден бекетінде Өзбекстан Республикасынан Қазақстан аумағына кедендік рәсімдеуден өтпеген 6 тоннадан астам өнімді заңсыз алып өтпек болған бірнеше әрекеттің жолы кесілді. Бұл туралы Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті мәлімдеді.
Қазақстан азаматтары мемлекеттік шекарадан өткен кезде жүк көліктерін бос деп көрсеткен. Алайда кедендік тексеру кезінде ведомство қызметкерлері автокөліктерден азық-түлік пен әртүрлі заттарды тапқан.Онда 137 қорапқа қапталған 2710 келі құрт, 10 қапқа салынған 300 келі көк шай және 16 қап балалар мен әйелдер және ерлер киімдері болған. Бұл тауарлардың барлығы рәсімдеуден өтпеген.
Сондай-ақ, кейін ҚР азаматы Т.С. Өзбекстаннан Қазақстанға салмағы 2055 келі 137 қорап құрт пен 250 келі көк шай тәрізді рәсімделмеген тауарларды алып өтпек болған тағы бір әрекеті сәтсіз аяқталды.
Мамыр айының ортасында Қазақстан азаматтары көрші республикадан 608 келі кәуап таяқшаларын заңсыз алып шықпақ болған, оларды соя ақуызы түрінде алып өткен. Бұл тауар кедендік рәсімдеуден өтпеген, сондықтан шекарадан өту кезінде тәркіленген.
Сонымен қатар, тағы бір дерек, бос деп көрсетілген жүк көліктерінің бірінен МКД қызметкерлері 62,7 келі киім тапты. Бұл жүк те шекарадан заңсыз өту кезінде ұсталды. Шекара арқылы тауарларды заңсыз алып өту деректері бойынша кінәлі тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті кедендік шекара арқылы тауарларды заңсыз алып өткені және ел экономикасының ұлттық қауіпсіздігіне зиян келтіргені үшін жауапкершілік бар екендігін ескертеді. Департамент азаматтар мен көлік жүргізушілерінен, шекара арқылы тауарларды алып өту кезінде ҚР, ЕАЭО заңдарының талаптарын орындауға шақырады.