Kcell Solutions-тің бұрынғы қаржы директоры 7 жылға сотталды

26 Сәуір 2022, 11:30
1142
Бөлісу:
Kcell Solutions-тің бұрынғы қаржы директоры 7 жылға сотталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Kcell Solutions» ЖШС-ның бұрынғы топ-менеджері жалған құжаттар жасап, жарты миллиард теңге аванс алған.

Қаржылық мониторинг агенттігінің Алматы қаласы бойынша аумақтық департаменті жалған қаржылық құжаттарды жасап, өз атына заңсыз аванс беру арқылы «Кселл» АҚ қаражатын аса ірі көлемде жымқырған «Kcell Solutions» ЖШС-нің бұрынғы қаржы директорына қатысты сотқа дейінгі тергеуді аяқтады. 

Тергеу барысында компанияның бұрынғы қаржы директоры 2018 жылдың ақпанынан 2021 жылдың сәуіріне дейінгі аралықта 5 компанияның есеп шотына ақша аудару арқылы қаражат ұрлаған. Сондай-ақ өзіне жалпы сомасы 467 миллионнан астам теңгені құрайтын аванс бергені анықталды. Осылайша ол «Кселл» АҚ-на аса ірі көлемде зиян келтіріп, қылмыстық құқық бұзушылық жасаған, - делінген хабарламада.

Жедел-іздестіру шаралары барысында компанияның бұрынғы қаржы директоры ұрланған ақшаны Алматыдағы букмекерлік кеңселерде бәс тігіп, жұмсағаны анықталды.

Сот үкімімен азамат М.Шөкей Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 189 бабы 4-бөлігі 2-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. 

Сондай-ақ ол 10 жыл мерзімге қаржылық жауапкершілікпен байланысты қызметтерді атқару құқығынан айырылды.

Өзгелердің жаңалығы