Қазыбек Иса Тоғжановтың жауабына қанағаттанбады

29 Маусым 2021, 12:45
4889
Бөлісу:
Қазыбек Иса Тоғжановтың жауабына қанағаттанбады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжіліс депутаты Қазыбек Исаның Алаш қайраткерлерінің бюстерін орнату туралы депутаттық сауалына вице-премьер Ералы Тоғжанов жауап берді.

Әлихан Бөкейханды ұлықтау жөніндегі депутаттық сауалдарыңызға қатысты мынаны хабарлаймын. Бүгінгі күні республика деңгейінде Алаш қайраткерлерінің есімдері 200-ден аса білім және мәдениет мекемелеріне берілген. Алматы қаласында, Атырау, Ақмола, Ақтөбе, Маңғыстау, Қарағанды, Павлодар, Қостанай, Түркістан, Шығыс Қазақстан облыстарында Алаш арыстарының есімдерімен елді мекендер, аудандар, алаңдар, көшелер мен түрлі нысандар аталып, оларға арналған ескерткіштер орнатылған. Әлихан Бөкейханның есімі Қарағанды облысында ерекше ұлықталып келеді, - дейді Ералы Тоғжановтың жауабында.

Оның айтуынша, Қарағанды облысының Ақтоғай ауданында 1998 жылы «Үш арыс» (Ә.Бөкейхан, Ж.Ақбаев, Ә.Ермеков) ескерткіші орнатылды. Қазіргі таңда ескерткіш тұрған жер «Алаш» алаңы деп аталады. 2013 жылы Ә. Бөкейханның туған жері − Ақтоғай ауданында, Жекежал қыстауының орны топырақтан аршылып, іргетасы ретке келтірілді. 2016 жылы Ақтоғайдағы Ә.Бөкейхан атындағы мектеп алдында оған арналған бюст қойылды. 2019 жылы Қарқаралы қаласында Алаш арыстары Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы және Әлімхан Ермековке арналған ескерткіш ашылды.

Әлихан Бөкейханның 155 жылдық мерейтойы қарсаңында биыл Қарағанды қаласындағы Октябрь ауданына ұлт қайраткерінің есімі берілді. Жалпы өңірде Әлиханның Бөкейханның есімі 11 көше, 4 мектепке тіркелген.Шымкент қаласында, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Жамбыл, Қызылорда, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Шығыс Қазақстан облыстарында Ә. Бөкейханның есімі көшелер мен мектептерге берілген, - дейді Үкімет басшысының орынбасары.

Ол анықтама ретінде мынандай деректер келтірген:

Ә. Бөкейханның есімі Ақмола облысында – 16 көшеге; Ақтөбе облысында − 2 көшеге; Атырау облысында – 5 көшеге; Жамбыл облысында – 7 көше мен 2 мектепке; Қызылорда облысында – 2 көше мен 1 мектепке, Павлодар облысында – 2 көшеге; Түркістан облысында – 5 көше мен 2 мектепке, Шығыс Қазақстан облысында – 9 көше мен 2 мектепке берілген.

2020 жылдан бастап, ҚР Ауыл шарушылығы министрлігіне қарасты Қазақ орман шаруашылығы және агромелиорация ғылыми-зерттеу институтына Ә. Бөкейханның есімімен аталады. Сонымен қатар Алматы қаласындағы Қазақ ұлттық аграрлық университетіне Ә. Бөкейханның есімін беру мәселесі заңнамада белгілінген тәртіппен қаралады.Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің мәліметіне сәйкес Тұран даңғылы мен Сығанақ көшелерінің қиылысындағы аллеяға «Алаш» атауын беру мәселесі алдағы уақытта қалалық ономастика комиссиясының кезекті отырысында талқыланады, - дейді Тоғжанов.

Ол сонымен қатар астана әкімшілігі биыл Алаш арыстарына ескерткіш орнатуды жоспарлап отырғанын жеткізді. Қазіргі уақытта ескеркішті орналастыру нұсқалары қарастырылуда екен. Жалпы Алаш қайраткерлерінің есімін ұлықтау жұмыстары жалғасуда және Үкіметтің тұрақты бақылауында деп айтты.

Бірақ депутат вице-премьердің жауабына қанағаттанған жоқ.

Мұндағы мәліметтерде келтірілген көшелердің ешқайсысы депутаттық сауалымызда баса назар аударғандай, Әлихан Бөкейхан есіміне лайық емес екенін тағы да қайталаймыз. Алдағы уақытта Алаш көсемінің атына сай көшелер берілуі керектігін еске саламыз, - деді Қазыбек Иса.

Айта кетейік, Мәжіліс депутаты өзінің сауалында биыл 155 жылдығында мемлекеттік деңгейде тойланатын Алаш көсемі Әлихан Бәкейханға елордадан ескерткіш орнату және Алаш қайраткерлерінің бюстерін орнату туралы ұсыныс жасаған болатын.

Өзгелердің жаңалығы