Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса Үкімет басшысы Асқар Маминге шетелдегі қандастарды көшіріп алуға қатысты депутаттық сауал жолдады.
Биыл ел Тәуелсіздіне 30 жыл толатын Қазақстан үшін халық саны көбеюінің маңызы зор болып тұрғаны анық. Ал басты қауіптердің бірі де осы халық санының азаюынан туындайды. Кейбір сарапшының айтуынша, шет елдерде 7 млн-ға жуық қазақ тұрады. Бұл Қазақстан халқының 38%-ын құрайды. Олардың 15-20 жылда ассимиляцияға ұшырау қаупі өте жоғары. Демографиялық аспектіде қазақ ұлты үшін бұл үлкен әлеует. Қазір Қазақстанға қоныс аударуға ынталы шетелдік қазақтардың саны 1,5 млн адамға жуықтайды екен. Осы адами ресурсты біз неге дұрыс пайдаланбаймыз? Кім кедергі? - деді Қазыбек Иса.
Ол 1993-2021 жылдар аралығындағы бөлінген квота кестесіне қарасақ, адам саны 100 еседей төмендеп кеткен деп отыр.
1993 жылы енді ел болып, есімізді жиып, етегімізді жауып жатқанда 60 мыңдай, 2010 жылы 100 мыңнан аса адам қабылдаған Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығында 1426 адамға ғана квота бөліп, бұрынғы межеден 100 еседей төмендеп, анти-рекордқа жететіндей басымызға не күн туды? Мұның бірден бір себебі кезінде көші-қонды жандандырған көші-қон агенттігінің жойылып, миграциямен айналысу әр министрлікке, квотаға ұсыныс беру әр облыс әкімшілігіне берілгенінен болып тұр, - дейді депутат.
Оның айтуынша, әкімдер шетелдегі қандастарымызды шақыруға орналастырудың қиындығынан қашып, ел ырысын емес, жан тынышын ойлап отырғандықтан, квота бөлу күрт төмендеп кеткен.
Мысалы, жоғарыда атап кеткендей, Атырау мен Батыс Қазақстан облыстары 2017-2021 жылдары бес жыл қатарынан квота бөлуге бір де бір адам ұсынбаған? Сондықтан бүгінде әр министрлікке шашырап кеткен басқармаларды бір органға жинап, демография және көші-қон жөніндегі агенттікті қайта құру керек. Екіншіден қандастарымыздың азаматтық алу мәселесі әлі қиындықтан шыға алмай келеді. Ресей, Израиль т.б. мемлекеттерде азаматтық алу үшін бір ғана құжат талап етіліп, мәселе бір күнде шешілсе, кең байтақ жерімен салыстырғанда халқы өте аз Қазақстанда 48 құжат жинау керек, - дейді Қазыбек Иса.
Ол ұлты қазақ қандастар үшін керек құжат санын барынша шектеп, бірден азаматтық берілетін болуы тиіс деп отыр.
Осы азаматтық алуда жинайтын қаптаған құжат саны аздай, кейінгі кезде тағы бір қиын кедергі - шетелдегі қазақтардың өздерінің қазақ екенін дәлелдеу, оны құжат жүзінде рәсімдеу ең басты мәселенің бірі болып отыр. Сондықтан «этникалық қазақ» екендігін дәлелдейтін құжатты беру механизмін дұрыс жолға қоймасақ, алдағы аз уақытта көп қандастарымызды «жоғалтып алу» қаупі туады, - деді мәжілісмен.
Қандастарды, әсіресе, елдің солтүстігіне қоныстандыру керек. Бұл өңірлердегі ауылдарда бос қалған үйлердің бағасы 200-500 мың теңге арасы. Ал әкімдік салып беріп жатқан үйлер үшін 7,5 млн талап етеді. Кім баспана алу үшін 40 есе қымбат үйге ұмтылады деп отыр.
Шетелдердегі қандастарымызды жүйелі түрде көптеп көшіріп алу, біріншіден, Тәуелсіз мемлекетіміз үшін аса маңызды болып тұрған халық санын арттырады. Екіншіден, қазір кейбір шет елде өз тілінде оқи алмай, ана тілі мен ұлттық ғұрыптарынан айрылып қалудан, мысалы Қытайда кейінгі кезде халықаралық аренада сыналып, АҚШ бастаған алпауыт елдер айыптап жатқан саяси қысымға түсуден құтқарады, - деді ол.
Қазыбек Иса мынандай нақты шараларды қабылдауды қарастыру қажет деп санайды:
1. Демография және көші-қон жөніндегі агенттікті қайта құру;
2. Өңірлерде қандастарды бейімдеу-кіріктіру орталықтарын құру;
3. Қандастарымыздан азаматтық алу үшін талап ететін тұрақты тіркеуді жеңілдету жұмысын бейімдеу-кіріктіру орталықтарына жүктеу;
4. ХҚКО орталығы арқылы ҚР азаматтығын қабылдайтын арнайы бөлім ашылып, бір терезе қағидаты бойынша құжат тапсыруға мүмкіндік беру.