Астана қаласындағы Назарбаев университетінде “Қазақ тілі – ғылым мен технология тілі” атты республикалық конференция өтті. Оның кулуарында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен “Тіл-Қазына” ұлттық ғылыми-практикалық орталығының бас директоры Мақпал Жұмабай ұлттық тіл моделі жасақталып, қазақ тілі цифрлық форматқа дайын екенін жеткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ең үлкен жетістігіміз осы күнге дейін Үкімет деңгейінде ана тіліміздің, қазақ тілінің болашағына бір үлкен кепіл жасадық. Қазақ тілі цифрлық форматқа дайын. Яғни қазір үлкен қосымшалар, ірі платформалар ол Meta болсын, TikTok болсын, Яндекс болсын, кез келген ұлттық компания болсын, мына дайын модельді алып, өзінің қызметіне қоса салады да, қазақ тілінде бүкіл қызметтердің толыққанды берілуіне мүмкіндік алады, - деді министр.
Ал “Тіл-Қазына” ұлттық ғылыми-практикалық орталығының бас директоры Қазақстан өзінің ұлттық тіл моделін жасаған санаулы елдердің қатарында екенін айтты.
Біз күн сайын бетпе-бет келіп жүрген барлық технологиялардың арғы жағында ұлттық тілдер жатыр. Сол секілді Қазақстандағы кез келген технологияны дамыту үшін қазір қазақ тілінің қажеттігі аса сезіліп, білініп отыр. Осы 2 жыл бойы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Қазақстанда ұлттық тіл моделі жасақталды. Біз Қазақстан өзінің ұлттық тіл моделін жасаған, ұлттық тілде ойлана алатын, генерациялай алатын және мәтіндерді шығара алатын, өзінің ұлттық жүйесін жасаған әлемдегі он шақты мемлекеттің қатарындамыз, - деді Мақпал Жұмабай.
.jpeg)
Ол “Тіл-Қазына” ұлттық ғылыми-практикалық орталығы табиғи тіл қорын жинауға қатысқанын атап өтті.
Табиғи тіл қоры дегеніміз – бүкіл қорларда, архивтерде, сонымен қатар түрлі-түрлі мекемелерде жиналып қалған қазақ тіліндегі құпиялығы жоқ деректері. Сол деректердің көлемі 6 миллиард сөз қолданыстан асты. Дәл қазіргі кезде Қазақстанда оқытылған KazLLM, сонымен қатар басқа да үлкен тілдік модельдердің артында біздің табиғи тіл қоры жатқанын атап өту керек. Сондай-ақ біздің орталық өзінің қазақ тілін оқытуға машықтанған, қазақ тілінің ерекшеліктеріне бейімделген “Тіл-Қазына” моделін жасады. Дәл қазіргі кезде бұл – әлемдік ашық платформа. Hugging Face-те тұр. Кез келген озық компания Қазақстандағы осы модельді алып, ары қарай өзінің дауыстық көмекшілерін, ЖИ көмекшілерін жасай алады, - деді Мақпал Жұмабай.
Айта кетейік, “Қазақ тілі – ғылым мен технология тілі” республикалық конференциясы Қазақстан халқы тілдері күні мен ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне арналып Халықаралық “Қазақ тілі” қоғамы мен Шайсұлтан Шаяхметов атындағы “Тіл-Қазына” ұлттық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастыруымен өтті.
Бұдан алдын осы конференция аясында “Ұлттық диктант” жобасы басталғанын жазған едік.