Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алтыншы отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде қанша дәрігер тапшы екенін айтты.
Бүгінде елімізде медицина кадрлары тапшы. Бұл салаға 4 мыңға жуық қызметкер жетіспейді. Облыс орталықтарында, әсіресе, аудандар мен ауылдарда білікті дәрігерлер аз. Өйткені аймақтарда оларға қажетті жағдайлар жасалмаған. Өңір әкімдері осы мәселемен белсенді түрде айналысуы тиіс, - деп тапсырма берді Тоқаев.
Президент атағандай, медицина қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын жақсартуға баса мән беру қажет.
Кадр тапшылығының тағы бір себебі – мамандардың шетелге кетуі. Жыл сайын жоғары медициналық білімі бар мыңнан астам азамат өзге елге қоныс аударуда. Ал шетелде оқыған өз мамандарымыз Қазақстанда оқуын жалғастырамыз десе, алдынан түрлі кедергі шығады. Олар клиникалық тәжірибеден өткісі келсе, қиындыққа тап болады. Ұлыбритания мен АҚШ-тың әйгілі медициналық ЖОО-ларында білім алған жастарымыз аз емес. Оның бірқатары елге оралған соң мамандығы бойынша жұмысқа тұра алмағаны туралы мәліметтер де бар. Бұл дұрыс емес, - деп айтты Президент отырыста.
Тоқаев Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдердің белді оқу орындарында медициналық білім алған азаматтарымызға еш кедергі болмауы керегін атап өтті.
Олардың дәрігер болып жұмыс істеуіне рұқсат беру үшін нормативтік-құқықтық актілерге өзгеріс енгізу қажет. Сондай-ақ бізде жоғары технологиялық медициналық құрал-жабдықтың қыр-сырын білетін білікті маман тапшы. Бұл мәселені Ұлттық кеңесінің мүшесі Тәттігүл Талаева көтерген болатын, - деп атап өтті ол.
Президент Денсаулық сақтау жүйесіне қажет техникалық кадрларды даярлау ісін қолға алған жөн екенін айтты. Ол Үкіметке медициналық техниканы жөндеп, оның дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ету мәселесін жан-жақты қарастыруды тапсырды. Айтуынша, бұл саладағы жұмыс реттелсе, бюджет шығыны азаяды.