Қазақстанның ядролық қаруға тыйым салу шарты жоғары бағаланды

20 Қаңтар 2021, 17:55
1449
Бөлісу:
Қазақстанның ядролық қаруға тыйым салу шарты жоғары бағаланды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ядролық қарусыздану жөніндегі шараларға жәрдемдесу жөніндегі коалицияға кіретін Нью-Йорктің 40-тан астам үкіметтік емес ұйымдарының өкілдері еліміздің әлемдегі ядролық қаруға тыйым салуға қосқан үлесін мойындап, Қазақстанға алғыс хат пен раушан гүлін табыс етті, деп хабарлады Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі. 

Іс-шара осы жылдың 22 қаңтарында Ядролық қаруға тыйым салу туралы шарттың күшіне енуі қарсаңында өтті.

Біз Қазақстанға ядролық қаруды жоюға ғана емес, сонымен қатар ядролық жарылыстардың құрбандарына көмек көрсетуге, сондай-ақ қоршаған ортаны қалпына келтіруге бағытталған Ядролық қаруға тыйым салу туралы шартты ратификациялағаны үшін ерекше ризашылығымызды білдіреміз, – деп атап өтті «Ядролық қарусыз әлем үшін Манхэттен жобасы» (Manhattan Project for a Nuclear-Free World) ұйымының өкілі Кэтлин Саливан.

ҮЕҰ белсенділері АҚШ-та Қазақстандағы көптеген ядролық сынақтардан зардап шеккендер туралы білетінін және еліміздің Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Семей сынақ полигонын жабу туралы тарихи шешімін, сондай-ақ мемлекетіміздің жаһандық ядролық қарусыздануға қосқан өлшеусіз үлесін жоғары бағалайтынын атап өтті.

Қазақстанның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі Мағжан Ілиясов өз кезегінде Ядролық қаруға тыйым салу туралы шарттың күшіне енуі халықаралық қоғамдастықтың ядролық қаруды заңнан тыс жариялау жөніндегі көпжылдық күш-жігерінің нәтижесі ғана емес, сондай-ақ әлемді жаппай қырып-жоятын қарудан құтқару үшін күрестің жаңа кезеңінің басталғанын атап өтті.

Қазақстан басқа елдермен және азаматтық қоғаммен келісе отырып, бұл жұмысты болашақ ұрпақ үшін жалғастыруға ниетті, – деп түйіндеді М. Ілиясов.

Ядролық қаруға тыйым салу туралы шарт 2017 жылғы 7 шілдеде Нью-Йоркте қабылданды. Құжат ядролық қаруға толық тыйым салады. Шарттың бірінші бабында «әрбір қатысушы мемлекет ешқашан және ешқандай жағдайда ядролық қаруды немесе басқа да ядролық жарылғыш құрылғыларды әзірлемеуге, сынамауға, өндірмеуге, жасамауға, өзгеше түрде сатып алмауға, иелікте болмауға және жинақтамауға міндеттенеді» делінген.

Қазақстан шартты әзірлеуге және қабылдауға белсенді қатысып, құжатты 2019 жылғы 29 тамызда ратификациялады.

Шарт оны елу мемлекет ратификациялағаннан кейін 90 күннен соң күшіне енеді. Өткен жылдың қазан айында шартты ратификациялаған 50-ші мемлекет Гондурас болды. Бүгінгі таңда 86 ел құжатқа қол қойып, оның 51-і шартты ратификациялады.

«Миссияларға арналған раушандар» іс-шарасы «Бейбіт әрекет – Нью-Йорк штаты» (Peace Action NYS), «Ядролық қарусыз әлем үшін Манхэттен жобасы» (Manhattan Project for a Nuclear-Free World), «Ядролық қаруды жою жөніндегі халықаралық науқан» (ICAN) және басқа да Нью-Йорктегі 40-тан астам үкіметтік емес ұйымдар Ядролық қаруға тыйым салу туралы шарттың күшіне енуін атап өтуге орай ұйымдастырды.

Өзгелердің жаңалығы