Қазақстанның фармация саласы қалай дамып жатыр?

23 Қазан 2020, 11:05
5189
Бөлісу:
Қазақстанның фармация саласы қалай дамып жатыр?

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бүгінгі таңда еліміздегі фармацевтика нарығы 92 млрд теңгенің өнімін беріп отыр. Ал 2000-шы жылдары бұл көрсеткіш 37 млрд теңге болған, қазір 3 есеге өсті. Бұл туралы еліміздің фармацевтика саласын зерттеп жүрген экономист Перизат Орынбет Center of Business Analytics GSB UIB алаңында айтты.

Оның айтуынша, фармацевтика нарығы дәрі-дәрмектен бөлек медициналық техникалар мен бұйымдардың нарығы. Яғни адам өміріне тікелей әсер ететін саланың бірі. 

Оған қоса фармацевтика ұлттық қауіпсіздіктің бірден-бір көзі. Себебі Елбасы айтқандай ұлттық қауіпсіздіктің бір көрінісі халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ете алу. Отандық өндірушілердің халыққа дәрі-дәрмекті жеткілікті түрде өндіруі болып тұр. Алайда еліміздегі фармацевтика нарығы Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары өте баяу дамыды. Себебі ол жеке меншікте болды, мемлекеттің қарауында болмады. Әркім қолынан келгенше бұл саланы дамытып жүрді. Тек 2000 жылдары фармацевтика нарығын дамыту қолға алына бастады. Мемлекет бұл саланы дамыту тұрғысында көптеген бағдарламаны ұсынды, солардың нәтижесінде бүгінгі таңда фармацевтика нарығы 92 млрд теңгенің өнімін беріп отыр. Ал 2000-шы жылдары бұл көрсеткіш 37 млрд теңге болған, яғни қазір 3 есеге өскен, - дейді экономист. 

Оның айтуынша, тек 2018-2019 жылдары Қазақстанның фармацевтика саласындағы өсім 18% құраған. Ал әлемдік фармацевтика саласы жылда тек 3-4% өсім көрсетеді екен. Дегенмен әлемдік нарықта бұл сала ең табысты болып келеді. Қазақстан ондай жағдайға көтерілген жоқ, бірақ соңғы 10 жылда жақсы дамыған. 

Еліміздегі ішкі өнімдегі фармацевтика нарығының үлесі 0,13%.  Бұл өңдеуші өнеркәсіптің бір пайызына да жетпейді. Фармацевтика саласы маңызды, әлеуметтік жауапкершілігі жоғары бола тұра өңдеуші өнеркәсіпте үлесі өте төмен. Дегенмен бізде даму үстінде, болашағы бар, - дейді Перизат Орынбет. 

Сонымен қатар, ол ЕАЭО елдері арасындағы Қазақстанның үлесі мен даму үдерісіне тоқталып өтті.

ЕАЭО-ның алға қойған мақсатының бірі ортақ дәрі-дәрмек стратегиясын, нарығын құру. Бұл мәселе 2017 жыдан бастап қолға алынып жатыр. Зерттеу нәтижелеріне қарасақ бұл одақтағы дәрі-дәрмек өндірісінің 91,2 пайызы Ресейге тиесілі. Беларусь– 6%, Қазақстан – 2,2%, Қырғызстан – 0,05%, Армения үлесі 0,19%. Бұл жерде одақтан қорықпауымыз керек, керісінше соңғы 3-4 жылда бізде өсім бар, - дейді ол.

Сондай-ақ ол, ЕАЭО-ның отандық өндірушілер үшін қандай артықшылығы бар екенін атап өтті.

Біріншіден, одаққа мүше елдердің дәрісі еркін өтеді, яғни Қазақстан өндірген дәрі-дәрмек өзге елдерге еркін шыға алады. Оған қоса өнім бір стандартпен шығарылады, бұл жерде халық сапалы дәрі алып отыр, - дейді сарапшы. 

2019 жылы отандық өндіріс ел ішіндегі сұраныстың 14% ғана жауып отырса, қалған 86 пайызын импорттық дәрі-дәрмек жауып келген.

Өзгелердің жаңалығы