Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түріктің «Otokar» компаниясы тәжірибелік әскери пайдалануды жүргізу үшін Қазақстанның Қарулы Күштеріне «Arma» брондалған дөңгелекті машинасының үлгісін өтеусіз негізде беруге дайын.
Броньды дөңгелекті машиналардың әлемдік нарығына мониторинг жүргізу шеңберінде Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі ҚР ҚК мамандарының «Otokar» түрік компаниясы шығарған 8х8 дөңгелекті формуласы бар «Arma» БДМ-ның жауынгерлік мүмкіндіктерін тәжірибелік зерделеуін ұйымдастырды.
Машина NATO стандарттарына сәйкес келетін жоғары ұтқырлыққа, баллистикалық және минаға қарсы қорғаудың жеткілікті деңгейіне ие. Тереңдігі 1,8 метрге дейін жүзу кезінде су кедергілерінен өтуге мүмкіндігі бар. Жылдамдығы сағатына 8 шақырымды құрайды. Arma әртүрлі жағдайда және қазіргі заманғы ұрыс алаңында қару-жарақ калибрі 7,62 мм-ден 105 мм-ге дейін жететін құрылғыдан тұратын платформаны бейімдеуге мүмкіндік береді.
Сынақтар үшін машиналардың келесі түрлері: өртті қолдау машинасы, тапсырыс берушінің талабы бойынша жабдықты орнататын барлау машинасы, командалық-штабтық машина, инженерлік, санитарлық, эвакуациялық және амфибиялық нұсқасы да ұсынылады.
Ең алғашқы сынақтар 2020 жылдың наурыз айында күндізгі және түнгі уақытта, Қарағанды облысының оқу полигонында, ұзындығы 6 шақырымға дейінгі бағытта, сондай-ақ биіктігі 30-дан 65 см-ге дейінгі қар жамылғысын еңсере отырып жүргізілді. Ату сынақтары тәжірибелік атулар жүргізу арқылы күндізгі және түнгі уақытта өткізілді.
Жұмыс тобы броньды дөңгелекті машинаның шығарушылармен ұсынылған сипаттамаларға сәйкес келетіндігін растайды.
«Otokar» компаниясы БДМ-ның тактикалық-техникалық, ату және пайдалану мүмкіндіктерін жан-жақты зерделеу мақсатында оны Қазақстанның түрлі климаттық жағдайларында тәжірибелік әскери пайдалануды жүргізу үшін, оның ішінде су кедергілерін еңсеруге тексеруді қоса, өтеусіз негізде ұсынып отыр.
Сондай-ақ, «Otokar» компаниясы БДМ-де тапсырыс берушілердің талаптарына сәйкес келетін кез келген жауынгерлік модульді орнату бойынша көмек көрсетуге дайын екендігін білдірді.