Қазақстандықтардың жағдайын жақсартуға күш салатын боламыз – ең жас депутат

14 Қаңтар 2021, 12:15
2277
Бөлісу:
Қазақстандықтардың жағдайын жақсартуға күш салатын боламыз – ең жас депутат
VIDEO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан тарихындағы ең жас депутат болу үлкен жауапкершілік. Себебі бұл - барша халық, жастар артқан сенім. Бар күш-жігерімізді салып еңбек ететін боламыз, дейді Парламент Мәжілісінің депутаты Мәди Ахметов.

Qazaqstan ұлттық телеарнасындағы «Таңшолпан» бағдарламасында қонақта болған депутат алдағы жоспарларымен де бөлісті. 

Қазақстанда 18-35 жас аралығындағы санатты алар болсақ, оның 5 миллионнан астамы жастар екен. Яғни, еліміздегі әрбір үшінші тұрғынды жастардың категориясына жатқыза аламыз. Жаңадан бір нәрсе ойлап табудың қажеті жоқ. Күнделікті қажеттілік – жақсы университетте білім алып шығу, сапалы кадр дайындау. Қазір елімізде бұл мәселеде қиындық бар. Өкінішке қарай, елдегі бірқатар университет тек диплом берумен ғана айналысып жатыр. Нарықтың сұранысымен жоғары оқу орындар дайындап жатқан кадрлар бір-бірімен сәйкес келмейді. Яғни, 70% астам жас маман өз мамандығы бойынша қызмет етпейді. Оны арнайы заң қабылдап, университеттердің білім сапасын тексеру, рейтинг жасау арқылы ретке келтіруге болады. Екінші мәселе – жұмыс орындарын ашу. Жаңа жұмыс орындарына жастарды тарту, себебі бір емес, қос диплом алып жұмыссыз жүрген жастар бар. Үшінші мәселе – жастар білім алып, жұмысқа тұрғаннан кейін отбасын құрады. Бұл кезеңде тұрғын үй проблемасы көлденең шығары анық. Бұл ретте қазір шығып жатқан бағдарламаларда бұрынғыдан да оңтайландыру, жеңілдету керек. Алғашқы жарна жағынан болсын, жылдық көрсеткіштері болсын. Мысалы, Алматы қаласында «Алматы Жастары 3.0» бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Ол 5%-дық мөлшерлемемен жас мамандарды тұрғын үймен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Осындай бағдарламаларды республиканың әр өңірінде ашса деген ұсынысым бар, - дейді ол.

Мәди Ахметов одан бөлек, жастадың бос уақытын тиімді өткізу мәселесін де назарға алып отырғанын айтты.

Мемлекет басшысы өзінің соңғы Жолдауында әрбір ауыл, елді мекенде жастарды спортқа баулитын үйірмелерді, тегін домбыра үйірмелерін ашуды тапсырған болатын. Сол бойынша ескі форматтағы кітапханаларды жаңа коворкинг форматқа ауыстыру, жастардың қызығушылығын арттыру үшін кітапханалардың ішін қолайлы күйге ауыстыру арқылы жастарды тарту мәселесін республика көлемінде ұйымдастыруға болады. Сонымен қатар Қазақстанда ажырасу фактілері көп. Мәселе көп. Пандемия көрсетіп берді. Білім, медицина, әлеуметтік салада кемшіліктер бар. Сол кемшіліктерді түзейтін алдағы 5 жылда партия жоспарлап отырған жобалардың барлығын жүзеге асырып, қазақстандықтардың жағдайын жақсартуға күш салатын боламыз, - дейді ол.

Өзгелердің жаңалығы