Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстандықтар үшін үй жөндеу жұмыстары қымбатқа түсуде. Құрылыс материалдарының бөлшек сауда бағасы бір жылда 8%-ға өсті. Алайда құрылыс заттарының өндірісі бір жылда 26,5%-ға ұлғайған.
Биылғы сәуір айының қорытындысы бойынша құрылыс материалдарын шығаратын кәсіпорын бағалары бір жылда 21,4%-ға қымбаттаған. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 0,3% маңайында болған.
Бұл ретте құрылыс компаниялары сатып алатын құрылыс материалдарының бағасы бір жылда 1,7%-ға көтерілген (бір жыл бұрын - 0,5%). Ал көтерме сауда орындарында материалдар құны 5,7%-ға қымбаттаған (бір жыл бұрын - 2,4%).
Ал қазақстандықтар сатып алатын құрылыс материалдары құнының 2021 жылғы сәуір айындағы жылдық өсімі 7,5%-ды құрады (бір жыл бұрынғы көрсеткіш 6%-ды құраған)
Қазақстан өңірлері арасында құрылыс материалдары құнының қымбаттау көрсеткіші әртүрлі. Мәселен Шымкент қаласы мен Павлодар облысында 4,2% болса, Маңғыстау облысында 18,6%-ға дейін жеткен.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің басшысы Бейбіт Атамқұлов Үкімет отырысында биылғы жылдың төрт айын қорытындылау барысында құрылыс материалдары өндірісінің 26,5%-ға ұлғайғанын атап өтті. Жылу оқшаулағыш материалдар (НКИ 2,5 есе), кірпіш (2,9 есе), портландцемент (+17,6%), гипс (+21,8%) және құрылыс ерітінділері (+22,2%) өндірісі саладағы өсімнің негізгі драйвері болды.
Бұл ретте сәуір айының қорытындысы бойынша бөлшек сауда желілеріндегі кірпіш, плитка және күйдірілген саздан жасалған құрылыс материалдарының бағасы бір жылда 7,7%-ға, құрылыс ерітінділері - 6,6%-ға, құрылыста пайдаланылатын гипстен жасалған заттар бағасы - 6,1%-ға өсіп кеткен. Цемент 1,7%-ға, гипс пен әк - 0,1%-ға қымбаттап, ал тауарлық бетон, керісінше, 5,3%-ға арзандаған.