Қазақстандық вакцинаның клиникалық зерттеулері аяқталуға жақын

14 Қазан 2020, 11:30
1145
Бөлісу:
Қазақстандық вакцинаның клиникалық зерттеулері аяқталуға жақын

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. 17 қарашада қазақстандық вакцинаның II кезеңнің клиникалық зерттеулері аяқталады. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлім етті.

Оның айтуынша, вакцинаның екінші кезеңінің клиникалық сынағы алдағы айда, ал үшінші кезең 2021 жылдың 24 сәуірінде аяқталады. Вакцинаның қауіпсіздігі мен тиімділігін бағалау мақсатында 2020 жылғы 17 қыркүйекте Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығының базасында қазақстандық вакцинаны клиникалық зерттеудің I кезеңін жүргізуге рұқсат бергенін естеріңізге сала кетейік. 

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирус инфекциясына қарсы қазақстандық вакцинаны клиникалық зерттеулерден өткізуге ресми түрде келісім берді. Денсаулық сақтау министрлігі Мемлекет басшысының тапсырмасын ескере отырып, COVID-19-ға қарсы вакцинация жасататын контингентті кеңейтуді ұсынады, - деді ол.

Елдің COVID-19 вакцинасына қажеттілігін қамтамасыз ету үшін Денсаулық сақтау министрлігі тегін вакцинацияланатын қауіпті топтарды анықтады, олар: 60 жастан асқан созылмалы аурулары бар адамдар, медицина қызметкерлері мен мұғалімдер. Алдын ала есепке сәйкес республика бойынша 2,8 млн адам немесе халықтың 15%-ы вакцина салдыруы тиіс. Ол үшін 5,6 млн доза вакцина қажет.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Денсаулық сақтау министрі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Қазақстанда ПТР тестілеу құны 22%-ға арзандайтынын мәлімдеген болатын. 

Өзгелердің жаңалығы