Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2021 Қазақстан Машина жасаушылар одағының жалпы жиналысы өтті. Одақ басқармасының төрағасы Мейрам Пішембаев өзінің кіріспе сөзінде отандық машина жасау саласы қазіргі уақытта қарқынды дамуын жалғастырып келе жатқанын атап өтті.
Естеріңізге сала кетейік, саладағы өндірістің тұрақты көлемін қолдау мақсатында Үкімет бизнес-қоғамдастық әзірлеген мынадай қолдау шараларын қабылдады:
- машина жасау саласындағы кәсіпорындарға еңбекақы төлеу қорынан салықтар мен төлемдерді төлеуді кейінге қалдыру;
- несиелер бойынша төлемдерді кейінге қалдыру;
- квазимемлекеттік секторды сатып алуда өңдеуші өнеркәсіп кәсіпорындарымен оффтейк келісімшарттар жасасу мүмкіндігі;
- арнайы және ауыл шаруашылығы техникасын лизингке сатып алуға арналған қаражаттың төмендеуіне жол бермеу;
- бизнес ахуалды жақсарту және жаңа жобаларды құру мәселелері бойынша ҚР Кәсіпкерлік және Салық кодекстеріне заңнамалық деңгейде толықтырулар мен өзгерістер енгізілді.
Осы және басқа да қабылданған шаралар оң нәтиже берді. Олар өндіріс көлемін сақтап қана қоймай, ұлғайтуға да мүмкіндік берді, - деп атап өтті Мейрам Пішембаев.
Сондай-ақ 2020 жылы Қазақстан Машина жасаушылар одағының қатысуымен Үкімет «Өнеркәсіптік саясат туралы» заң жобасын әзірледі және Өнеркәсіпті дамыту қорын, мұнай-газ машинасын жасауды дамыту жөніндегі Халықаралық орталықты құруды мақұлдады, бұл дағдарыстан кейінгі қалпына келтіру және саланы одан әрі дамыту үшін серпін береді.
Осы шаралардың барлығы отандық машина жасау кәсіпорындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, өндіріс көлемін сақтауға мүмкіндік береді және машина жасау саласының одан әрі өсуін қамтамасыз етеді.