Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстанда табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасына жетпейтін халық үлесі 1% артты. Бұл туралы ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросынан мәлімдеді.
2020 жылы үй шаруашылықтарын зерттеу дерегі бойынша, табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасына жетпейтін халық үлесі 5,3% құрады (2019 жылы – 4,3%).
2020 жылы кедейліктің ең жоғары мәндері тіркелген өңірлер:
- Түркістан облысы (12,2%);
- Солтүстік Қазақстан облысы (6,7%);
- Шығыс Қазақстан облысы (6,5%);
Кедейліктің ең аз үлесі - Нұр-Сұлтан (1,5%) қаласында.
Қалалық және ауылдық жердегі табыс айырмашылығы әлі де бар. Мәселен, қалалық жерде табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасына жетпейтін халықтың үлесі - 3,7%, ал ауылдық жерде 7,6% құрайды. 2020 жылы кедейліктің ауылдық және қалалық деңгейлері арасындағы ең үлкен айырмашылық Атырау (9,8 есе), Маңғыстау (3,2 есе) облыстарында байқалды.
2020 жылы Джини коэффициенті 0,291 құрады. Халықтың 10% ең аз және 10% ең көп қамтамасыз етілген топтарының арасалмағы (қорлар коэффициенті) 5,9 есені құрады. Кедейліктің тереңдігі мен өткірлігі сәйкесінше 0,8% және 0,2% болды, - делінген Ұлттық бюро мәліметінде.