Қазақстанда жаңа кәсіби мереке пайда болады

20 Қазан 2021, 16:57
1342
Бөлісу:
Қазақстанда жаңа кәсіби мереке пайда болады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ұлттық экономика министрлігі Үкімет қаулысының тиісті жобасын әзірлеуге кірісіп кетті. Ол бекітілгеннен кейін күнтізбеде 9 қыркүйек - Қазақстан кәсіпкерлері күні деген жаңа кәсіби мереке пайда болады.

Кәсіби мереке - бұл бизнес елдің басты қозғаушы күштерінің бірі екенінің дәлелі болады. Тәуелсіздіктің 30 жылы бойы кәсіпкерлік қоғамдастық экономиканың тұрақтылығын қамтамасыз етіп қана қоймай, экономикалық реформалардың жүзеге асырылуына белсенді атсалысып келеді. Сонымен қатар әлеуметтік өмірде де үлкен рөл атқарып келеді, деп атап өтті «Атамекен» ҰКП. Осылайша бүгін күні мемлекет ел дамуындағы бизнестің маңыздылығы мен басты рөлін айшықтап отыр.

Бұл мереке қиындықтарға қарамастан, табысқа жетіп, жаңа жұмыс орындарын аша отырып, талай адамға қол ұшын созған адамдарға деген алғыс пен құрметті білдіру үшін қабылданбақ.

9 қыркүйек, кәсіпкерлер күнінде өз бизнестерін ашып, бизнесті жүргізудің қайырымдылық, әлеуметтік және этикалық тәжірибесін қоса атқарып жүрген адамдардың еңбегі еленеді. Инновация, көшбасшылық мәселелеріне, сондай-ақ кәсіпкерліктің өзекті проблемаларына назар аударылады. 

Аталған кәсіби мерекені ресми түрде тіркеуге «Атамекен» ҰКП бастама жасады. Осы жылдың тамыз айында мекеме Үкіметке осындай ұсыныспен жүгінді. 

Қазақстан кәсіпкерлері күні - шын мәнінде жүздеген мың қазақстандық үшін өзекті әрі маңызды күнге айналмақ. Ол біріктіруші фактор ретінде қызмет ететін болады. Соңғы екі жыл кәсіпкерлер үшін оңайға соқпады. Пандемия салдарынан олар жаппай қысқартуға, басқару түрін, бизнес форматын ауыстыруға немесе оңтайландыруға мәжбүр болды. Бүгін бизнесмендер - батырлар. Олардың еңбектері еленуі тиіс, - делінген ҰКП хабарламасында.

Бизнесмендердің ерен еңбегі әр елде аталып өтеді. Осындай мерекелік күн АҚШ, Үндістан, Қытай, сонымен қатар Ресей, Беларусь, Украина, Әзербайжан, Қырғызстан және Арменияда бар. 

Осы күндері түрлі көрмелер, презентациялар, семинарлар мен тренингтер өткізіледі. Кәсіпкерлерге түрлі марапаттар табысталады. Бұдан бөлек 2 халықаралық мереке бар: 15 сәуір - халықаралық кәсіпкерлер күні және 21 тамыз - дүниежүзілік кәсіпкерлік күні.

Өзгелердің жаңалығы