Тараз, BAQ.KZ тілшісі. Елімізде тұңғыш рет өнер өкілдері көкпар алаңында республикалық турнирде сайысқа түседі.
Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және Халық ақыны Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына орай көкпардан «Өнер көкпары» республикалық турнирі Тараз қаласында өтеді.
Жарысты ұйымдастырушы Қазақстан Республикасының Ұлттық спорт қауымдастығы. Жобаның үйлестірушісі – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Дарын мемлекеттік жастар сыйлығының иегері – Досымжан Таңатаров.
Жобаның ұйымдастырылуындағы негізгі мақсат – елге белгілі өнерпаздар арқылы ұлттық спортымызды халыққа кеңінен насихаттау. Елбасымыздың «Ұлы даланың жеті қыры», ұлттық кодды жетілдіруді ұлттық спорт арқылы дамытуға шама-шарқымыз келгенше үлес қоссақ деген ниет. Сонымен қатар, Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының бұқаралық спортты дамыту туралы айтқан ойын насихаттап, өз үлесімізді қоссақ дейміз. Бұрын ат мініп көрмеген, бірақ ата-бабасы ат үстінде өткен талай жігіт біздің қатарымызға қосылып жатыр. «Өнер көкпарында» алты команда өнер көресетеді. Негізі қазіргі әлемдік жағдайдың тұсау болып тұрғаны болмаса, команда қатары мұнан да көп болар еді, – дейді Досымжан Таңатаров.
Турнирге Қарағанды, Шымкент, Алматы, Ақмола, Нұр-Сұлтан қалаларының өнерпаздары қатысады.
Қатысушылардың қатарында елге белгілі композитор Бауыржан Есебаев, белгілі актер Мадияр Серікбаев, танымал кино жұлдызы Тәуекел Мүсілім, Қазақстан дауысы жобасының жеңімпазы Шаһаризат Сейдахмет, әнші Бағлан Әбдірайымов, Серік Ибрагимов және өзге де белгілі асабалар, музыканттар өнер көрсететін болады.
Ауылды өзімізше көкпар тартып өскен баламыз ғой. Дегенмен өнерге кеткен соң біраз қол үзіп қалғанымыз рас. Бірақ, қазір жақсы, дайындықтан өттік. Біздің көкпар тартқанымыздан, шоуға айналдыруымыз көп қой. Көңілді болғаны жақсы ғой, қанша тартыс, қанша сайыс болса да. Командаластарыма, қарсыластарыма да сәттілік тілеймін, – дейді «Алматы» өнер-көкпары командасының мүшесі, «Өнер қырандары» театрының директоры, актер Мадияр Серікбаев.
Командалар 2 топқа бөлініп сайысады. Әр командада 10 адамнан болады. Бүгін алаңда өнер иелерінің көкпардағы өнерін тамашалайтын боламыз.
Бүгін алаңға шығатын командалар:
«Әулие Ата» - «Құлагер-Шымкент»
«Елорда» - «Алматы»
«Қарағанды» - «Құлагер Шымкент»
«Елорда» - «Ақмола»
«Қарағанды» - «Әулие Ата»
«Алматы» - «Ақмола».