Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Тұрмыстық қалдықтарды утилизациялаумен айналысатын кәсіпорындарға бір жылда 4 млн тонна қалдық түскен. Оның тек 1 млн-нан астамы ғана іріктелген. Ал 13 мың тоннасынан қайталама қалдық алынды.
2020 жылы елімізде коммуналдық қалдықтарды жинаумен айналысатын 625 кәсіпорын тіркелген. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен қарағанда 6,5%-ға көп. Оның 206-ы – жеке кәсіпкерлер, 419-ы – кәсіпорындар мен түрлі ұйымдар. Олардың басым бөлігі – жеке бизнеске тиесілі болды – 584 компания. Тағы 37-сі – мемлекеттік кәсіпорындар, 4-еуі – шетелдік компаниялар.
Былтыр бұл кәсіпорындар 2,8 млн тонна коммуналдық калдық жинаған. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 3,5%-ға төмен.
Жиналған барлық қалдықтың 2 млн тоннасын – үй шарушылықтарының қалдықтары, 411,5 мың тоннасын – тұрмыстық қалдыққа теңестірілген өндіріс қалдықтары, 278,9 мың тоннасын – дала қоқысы, 61,3 мың тоннасын – базарлардан шыққан қоқыс, 41,5 мың тоннасын – құрылыс материалдарынан құралған қоқыс, 8,6 мың тоннасын – саябақтардағы қоқыс құрады.
Өңірлер бөлінісінде ең көп тұрмыстық қалдықтар Алматыда жиналған екен: 414,4 мың тонна – бұл бір жыл бұрынғыдан 15,4%-ға аз. Жиналған тұрмыстық қалдықтар көлемі бойынша үштікке Қарағанды облысы (364,1 мың тонна) мен елорда (298,8 мың тонна) еніп отыр.
Ең аз тұрмыстық қалдық көлемі Қызылорда облысында жиналған екен: 58,8 мың тонна, бір жылда минус 2,8%. Еліміздің тек 17 өңірдің 7-еуінде көрсеткіштің өсімі тіркелді.
Коммуналдық қалдықтың басым бөлігін – жекеменшік компаниялар жинақтайды (93,6%). Ал мемлекеттік компанияларға бар-жоғы 5,8%-ы, шетелдік компанияларға 0,6%-ы тиесілі. Кәсіпорын көлеміне қарай қалдықтардың 44,7%-ы кішігірім компаниялар, 25,4%-ын орташа, 29,9% - ірі компаниялар жинайды.
Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығының деректері бойынша елде жылына 4-5 млн тонна қатты тұрмыстық қалдық пайда болады. Олардың 18,3%-ы қайта өңделеді. Қалғаны полигондарға көміледі.
«Жасыл» экономикаға көшу концепциясына сәйкес 2030 жылы қалдықтарды өңдеу үлесі 40%-ға, 2050 жылы 50%-ға жеткізілуі тиіс. Энергетикалық утилизация бойынша Waste to energy жобасын іске асыру арқылы жылда пайда болатын 5 млн тонна қалдықтың 1,65 млн тоннасын утилизациялауға мүмкіндік береді. Сол арқылы 2024 жылы қайта өңдеу және утилизациялау үлесі 30%-ға жетеді.
Қазір әлемде қалдықтарды утилизациялауға арналған 2 мың кешен жұмыс істейді.