Қазақстанда киіктердің есебі жүргізіліп жатыр

28 Сәуір 2021, 13:39
1257
Бөлісу:
Қазақстанда киіктердің есебі жүргізіліп жатыр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстанда ел аумағындағы киіктердің санын анықтау үшін арнайы әуе есебі жүргізілуде, деп хабарлады Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметі.

Естеріңізге сала кетейік, 2020 жылы карантиндік шектеулерге байланысты әуе есебі жүргізілмей қалған болатын.

Әуе есепті«Охотзоопром» РМҚК қызметкерлері, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің облыстық аумақтық инспекциясы және Қазақстандағы Биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығының ғылыми мамандары бірлесіп жүргізуде, - делінген хабарламада.

Қазіргі таңда елімізде «Охотзоопром» инспекторларының екі есеп тобы жұмыс істеуде. Олардың біріншісі - Бетпақдала популяциясына, екіншісі - Орал және Үстірт популяцияларына есеп жүргізуде. Есепке тікұшақпен 200-ге жуық ұшу сағаты қарастырылған.

2019 жылы жүргізілген есепке алу жұмыстарына сәйкес Қазақстандағы киіктердің саны 334 400 басты құрады.

Осы кезеңде ақбөкендердің әуе есебі Батыс Қазақстан, Ақтөбе және Маңғыстау облыстарында (Орал және Үстірт таралымы) аяқталды және Бетпақдала популяциясын есепке алу бойынша Қарағанды, Ақмола облыстарының аумақтарында жалғасуда.

Киіктердің әуе есебін 2021 жылдың 5 мамырына дейін аяқтау жоспарлануда.

Өзгелердің жаңалығы