Нұр-Сұлтан, BAQ. KZ. Өткен жылы «Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығына» дәрілік затты сараптамадан өткізу бойынша 7176 өтінім түсті, оның 998-і қазақстандық өндірушілерден.
Өтінімдер тіркеу, қайта тіркеу және тіркеу құжаттамасына өзгерістер енгізу бойынша түсті. Келіп түскен препараттардың барлығы бірдей эксперттік ұйымның оң қортындысын алмайтынын айта кету керек,- делінген хабарламада.
Теріс қорытынды бірнеше жағдайда беріледі. Көбіне, өтінім беруші қате мәлімет берсе; сапа мен қауіпсіздік көрсеткіштері талап етілгеннен төмен болса; дәрі құрамында Қазақстанда тыйым салынған заттар табылса; өндіріс шарттары белгіленген талаптарға сәйкес келмесе; дәрілік затты пайдалану кезінде оның пайдасы байқалмаса.
Бүгінде Қазақстан Республикасындағы дәрілік заттар Мемлекеттік реестрінде 7 305 препарат тіркелген, деп хабарлады орталықтың баспасөз қызметі.
Оның 931-і отандық өнім. Атап айтарлығы, елде тіркелген дәрі-дәрмек саны күннен-күнге өзгеруде.
Бір жағынан, сараптамадан өтіп, елде қолдануға рұқсат берілген жаңа препараттар қосылса, екінші жағынан, зерттеу нәтижесінде алынған немесе дәрігерлердің хабарламаларына негізделген жаңа қауіпсіздік туралы ақпарат дәрі-дәрмектерді нарықтан алып тастауға әкеледі. Өндіруші де техникалық, маркетингтік немесе басқа да себептермен өз еркімен тіркеуді тоқтатуы мүмкін,- деп жазды баспасөз қызметі.
Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығы дәрілік заттар тіркелгенге дейін де, кейін де эксперттік жұмыстар жүргізе береді. Дәрілік заттардың сапасын бақылау жүйесі олардың қолданыста жүрген барлық кезеңдерін қамтиды. Препараттарды мемлекеттік тіркеуден бұрын олардың тиімділігі, қауіпсіздігі мен сапасына кешенді бағалау жүргізіледі, соның нәтижесінде дәрі-дәрмек нарыққа шығарылады. Тіркеу тиісті тіркеу куәлігімен расталады.
Тіркелген дәрі-дәрмек туралы ақпаратты қайдан көруге болады?
Барлық тіркелген дәрі-дәрмектермен ДЗСҰО-ның www.ndda.kz ресми сайтында ашық түрде орналастырылған Мемлекеттік ресстрде танысуға болады. Мұнда дәрілік заттар туралы толық ақпарат, оның ішінде атауы, өндірушісі, тіркелген күні, шығарылған түрі, дозасы, қолдану нұсқаулығы, сондай-ақ рецепт бойынша немесе онсыз босату туралы мәліметтер бар.
Бұдан басқа, тіркелген дәрілер туралы толық ақпаратпен Darikz мобильді қосымшасында да танысуға болады.
Қазақстанда тіркелмеген препараттарды сатуға тыйым салынғанын естен шығармау керек. Сондықтан дәрі-дәрмекті лицензиясы бар дәріханалардан сатып алу қажет. Жеке тұлғалар мен базардан және басқа да сату пунктерінен дәрі алмаған жөн. Дәріні сатып алу кезінде сатып алушы препараттың сапасын дәлелдейтін құжаттар сұрауға құқылы.