Қазақстанда COVID-19 вакцинасын 10 млн адам алады

11 Наурыз 2021, 19:14
2325
Бөлісу:
Қазақстанда COVID-19 вакцинасын 10 млн адам алады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. БҒМ Ғылым комитетінің «Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты» РМК Президент тапсырмасы бойынша 2020 жылғы 23 наурызда COVID-19 коронавирус инфекциясына қарсы вакцинаны әзірлеуге кірісті. Барлық ғылыми-зерттеу жұмысы биологиялық қауіпсіздіктің 3-деңгейі (BSL-3) зертханасында жүргізіледі.

2020 жылғы 9 мамырда COVID-19-ға қарсы отандық инактивті «QazCovid-in» вакцинасы алынды және Ұлттық дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау орталығының (Алматы қ.) және Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының екі клиникалық базасында түрлі зертханалық жануарлар-модельдерді (ақ тышқандар, егеуқұйрықтар, қояндар, теңіз шошқалары, күзендер, сириялық атжалмандар және резус-макакалар) пайдалана отырып, клиникаға дейінгі сынақтар басталды. 

Зерттеу нәтижелері бойынша Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы оны 2020 жылдың 15 мамырында коронавирусқа қарсы вакциналар тізіміне енгізді.

Вакцинаны көп мөлшерде енгізген кезде оның жануарлардың ағзасына қауіпсіздігі және уытты әсері тексерілді. Жалпы зерттеу әдістерінен басқа, вакцинаның қауіпсіздігі қанның гематологиялық және биохимиялық көрсеткіштерімен расталды және вакцинаның жануарлардың ішкі мүшелерінің жұмысына әсері бағаланды. Клиникаға дейінгі сынақтар деректері бойынша «QazCovid-in» вакцинасы еріктілерде клиникалық зерттеулер жүргізу үшін ұсынылған.

Бұдан әрі ДСМ Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің рұқсаты негізінде Денсаулық сақтау министрлігінің «Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығы» РМК базасында «QazCovid-in» қазақстандық вакцинасын клиникалық зерттеудің I және II кезеңдері жүргізілді.

Вакцинаны клиникалық зерттеуге 18-50 жас аралығындағы ересек еріктілер қатысты. Вакцинаның қауіпсіздігін анықтау бойынша зерттеудің I кезеңіне коронавируспен ауырмаған және антиденелері жоқ 44 ерікті қатысты. Вакцинаны сынаудың II кезеңінде иммуногенділікті зерттеуге 200 ерікті қатысты.

Клиникалық зерттеулер басталғанға дейін 2020 жылғы 26 шілдеде алдымен 7, содан кейін БҚПҒЗИ бас директоры бастаған тағы 22 әзірлеуші ғалым «QazCovid-in» вакцинасымен ерікті түрде егілгенін атап өткен жөн.

Сонымен қатар бүгінгі күні Қазақстанда Н. Гамалеи (Ресей) атындағы Ұлттық эпидемиология және микробиология зерттеу орталығы әзірлеген COVID-19 коронавирус инфекциясына қарсы «Спутник V» вакцинасын өндіру «Қарағанды фармацевтика кешені» ЖШС отандық өндірушінің алаңында іске қосылды. Іс-шаралар өндіріс кестесіне сәйкес жүргізіледі. Жоба өндірушілердің өз қаражатына жүзеге асырылады.

«Спутник V» вакцинасының жоспарланған 2 млн дозасын өндіру Қазақстанда иммундау үшін қарастырылған, бұл вакцинаның экспорты қарастырылмаған.

Вакцинация 2021 жылдың ақпан айынан бастап кезең-кезеңімен жүргізіледі және бірінші кезекте халықтың ең осал топтары егіледі деп болжануда, қазіргі уақытта олардың саны нақтылануда.

Бұл ретте сол уақытта қолжетімді екі түрлі вакцинаны пайдалана отырып, вакцинацияны екі кезеңде ұйымдастыру көзделеді:

• I – Н. Гамалеи атындағы (Ресей) Ұлттық эпидемиология және микробиология зерттеу орталығы әзірлеген «Спутник V» вакцинасын қолдану арқылы 2021 жылдың ақпан айынан бастап 2 млн адамға иммундау үшін;

• II – ҚР БҒМ Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты өндірген вакцинаны қолдана отырып, Қазақстанда клиникалық сынақтар мен мемлекеттік тіркеу кезеңі аяқталғаннан кейін шамамен 2021 жылдың маусым-тамыз айларынан бастап 8 млн адамды иммундау үшін.

Осылайша шамамен 10 млн қазақстандықты вакцинациялау көзделіп отыр.


primeminister.kz

 


Өзгелердің жаңалығы