Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Пилоттық жобаға 11 кәсіпорын қатысуда, деп хабарлады ҚР ИИДМ баспасөз қызметі.
Таңбалау аяқ киім тауарларын заңсыз әкелуді, өндіруді және айналымын азайту үшін қажет."ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі 2018 жылғы 2 ақпандағы Еуразиялық экономикалық одақта тауарларды сәйкестендіру құралдарымен таңбалау туралы келісімді іске асыру аясында, сондай-ақ ҚР премьер–министрінің бірінші орынбасары - Қаржы министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен 2019 жылғы 17 шілдедегі № 20-3/05-2208 мәжіліс хаттамасының 8-тармағының 1 тармақшасын орындау шеңберінде аяқ киім тауарларын таңбалау және бақылау бойынша пилоттық жобаны іске қосты", - делінген таратылған ақпаратта.
Атап айтқанда, министрлік іс-шаралар жоспарын, сондай-ақ аяқ киім тауарларын таңбалау және қадағалау жөніндегі пилоттық жобаны өткізу жөніндегі әдістемелік ұсынымдарды әзірледі және бекітті. Таңбалау Қазақстанға аяқ киімдерді заңсыз әкелуді, өндіруді және аяқ киім тауарларының айналымын азайту үшін қажет.
Пилоттық жоба таңбалау механизмін сынақтан өткізу және нарыққа қатысушылар арасындағы өзара іс-қимылды жүзеге асыру мақсатында іске қосылды. Пилоттық жобаны өткізу кезеңі 2019 жылдың 30 шілдесінен 2020 жылдың 31 наурызына дейін.
Пилоттық жобаға қатысу ерікті болып табылады, бұл жобаға кез келген уақытта Министрлікпен келісім бойынша қосылуға болады. Бүгінгі таңда пилоттық жобаға 11 кәсіпорын (өндірушілер мен импорттаушылар) қатысуда.