Нұр-Сұлтан. BAQ.KZ тілшісі. Соңғы 15 жылда елімізде 40 303 автокөлік ұрланған. Бұл туралы сенатор Ләззат Сүлеймен айтты.
Бүгін Сенаттың жалпы отырысында ТМД-ға мүше елдер арасында автокөлік құралдарын ұрлауға қарсы заң жобасы қабылданған. Ләззат Сүлеймен осы заң жобасы қосымша баяндама жасаған болатын.
Ішкі істер министрлігінің ақпаратына сәйкес соңғы 15 жылда елімізде 40 303 автокөлік ұрланған. Оның ішінде 26 079 (64,7%) көлік табылып, иелеріне қайтарылған. Ал 14 224-і (35,2%) көлік табылмаған. Ұрланған автокөліктердің 223-і ТМД елдерінде табылып, оның 66-ы елімізге қайтарылған (29,5%). Сондай-ақ біздің елімізде 233 автокөлік табылып, 84 (36%) көлік ТМД елдеріне қайтарылды. Одан бөлек, 2020 жылы ұрланған 2121 көліктің ішінен, 547 ұрлық және айдап кету фактілері бойынша қылмыстық есепке қойылды,- дейді Ләззат Сүлеймен.
Оның айтуынша, 412 көлік иелеріне қайтарылған. ал қалған 1162-і қаржы пирамидалары және алаяқтық бойынша тергеліп жатқан қылмыстық істер шеңберінде есепке қойылды («Гарант 24 Ломбард», «ЕЅТАТЕ Ломбард» және «тиімді қарыз беру»). Осы істер бойынша барлық автокөліктер сот шешімінен кейін қылмыстық есептен шығарылады.
Жаңа заң жобасы 1969 жылғы халықаралық шарттар құқығы туралы Вена конвенциясының 23-бабының талаптарына сәйкес келеді. Жалпы хаттамамен мынадай өзгерістер енгізу көзделуде:
1) ұрланған автокөлік құралдарының қайтарылуын қамтамасыз ету;
2) Хаттамаға қатысушы тараптардың ақпараттық дерекқорларынан автокөлік құралдары туралы мәліметтер алу және алмасу;
3) мәліметтермен алмасу үшін автокөлік құралдары туралы ақпараттық дерекқорды қалыптастыру және қолдау, соның ішінде:
– есептен шығарылған автокөлік құралдары туралы;
– заңнамаға сәйкес мемлекеттік шекараны кесіп өту кезінде мәліметтері кеден органдарының ақпараттық дерекқорларына енгізілуі тиіс автокөлік құралдары туралы;
– жол-көлік оқиғасы, өрт, дүлей зілзала және өзге де жағдаяттар немесе үшінші тұлғалардың әрекеттері салдарынан зақымданған, оның ішінде конструкциялық жарамсыз болып қалған автокөлік құралдары туралы ақпараттарды қамтиды.