Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. АҚШ-та вакцинаны тіркеуге өтініш қараша айында беріледі деп жоспарлануда.
Күні кеше Pfizer және Biotech вакциналарының үшінші масштабты кезеңінің аралық нәтижелері жағдайлардың 90%-дан астамында тиімді болады деген ақпарат тараған болатын. Осыға орай бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн брифинг барысында ДСМ Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Нұрлыбек Асылбеков аталмыш компанияның вакцинасын біздің елдің сатып алу мәселесіне тоқталды.
Бұл ақпарат кеше ғана шықты. Біз де БАҚ арқылы білдік. Денсаулық сақтау министрлігі бұл мәселені шұғыл түрде пысықтайтын болады. Біз бұл мәселеге кешенді түрде келеміз, отандық вакцина бар, РФ және басқа да вакциналар бар. Бұған дейін вакцинаның үшінші кезеңі ешкімде аяқталмады деген ақпарат болған еді. Бұл вакцина тіркелгеннен кейін біз осы тұрғыда жұмыс істейміз. Pfizer компаниясымен және оның тең құрылтайшысымен, - деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін Нұрлыбек Асылбеков бүгінде дәріханаларда халықтың дәрілік заттарға қажеттілігін қамтамасыз ету үшін жеткілікті қор барын мәлімдеген болатын.