Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Франциядан келген халықаралық тәуелсіз сарапшылар Франция Парламентінің депутаттары Тьерри Мариани және Жан-Лан Лакапель Қазақстандағы сайлау тәртібіне жоғары баға берді, деп жазды strategy2050.kz.
Франциялық депутаттың сөзінше, ол Қазақстанға іссапармен жиі келеді.
Мен Қазақстанға жасаған кезекті сапарыма қуаныштымын. Қазақстан тәуелсіздік алған 30 жылда мен 20-рет келіп тұрмын. 1995 жылғы Қазақстан мен қазіргі Қазақстанды салыстырсам, айырмашылық жер мен көктей. Францияда наурыз айында Парламент сайлауы өтуі тиіс еді. Пандемияға байланысты шегерілді. Ал Қазақстан пандемия жағдайына қарамастан сайлау ұйымдастырды. Санитарлық нормалар сақталғаны көрініп тұр. Біз барған әр сайлау учаскесінің бәрін қауіпсіз деп айта аламыз, - деді Тьерри Мариани.
Екінші франциялық бақылаушы Жан-Лан Лакапельді Қазақстанның қонақжайлығына ерекше тәнті болған.
Мен Қазақстанға алғаш рет келдім. Осы үш күнде қонақжайлылық сезіліп жатыр. Сайлауға келер болсам, біз барған учаскелерде сайлаушылар тарапынан белсенділік байқалады. Ал ұйымдастырушылар тарапынан санитарлық нормалардың қатаң бақыланып жатқанын көрдік. Тіпті біздің өзіміздің дене қызуымыз өлшеніп, арнайы медициналық қолғаптар берілді. Пандемия жағдайында сайлау Қазақстанда дұрыс ұйымдастырылыпты, - деп атап өтті ол.
Тьерри Мариани журналистермен әңгімелесу барысында Қазақстан Орталық Азиядағы ең дамыған мемлекет екенін айтты.
Мен 15 жыл бойы ЕЫҚҰ мүшесімін. Мемлекеттердің дамуы мен ондағы саяси өзгерістерді бақылап, өзара салыстырып отырамын. Қазақстанның дамуын жоғары бағалаймын. Бүгін Қырғызстанда да сайлау өтіп жатыр. Меніңше, Қазақстан жүріп өткен жолмен Өзбекстан да, Қырғызстан да жүріп өткісі келеді. Қазақстан Орталық Азиядағы 5 мемлекеттің ішінде көш бастап тұр. Қазақстан Орталық Азия мемлекеттеріне үлгі бола алады. Бүгінгі сайлауда Қазақстанның экономикасы мен демократиялық дамуының озық үлгілерін көрдік. Мәселен, Тұңғыш Президенттің билікті бейбіт жолмен қазіргі Президентке беруін де саясаттанушылар жоғары бағалайды, - деп сөзін толықтырды ол.
Мариани мырза түске дейін сайлау учаскелерін аралағанын, енді саяси тұлғалармен кездесетінін айтты.
Сайлау 4 сағаттан соң аяқталады. Біздің сайлау учаскелерін аралауымыз сағат 12.30-да аяқталды. Сол сәтте елорда халқының сайлауға келуі 30 пайызды құраған. Енді біз учаскелерге бармаймыз. Саяси партиялардың мүшелерімен кездесіп, диалог құрамыз. Кеше Nur Otan партиясының өкілдерімен кездестік, ал бүгін «Ақ жол» партиясының мүшелерімен, Қазақстандағы тағы бірнеше саясаттанушымен кездесеміз, - деді Мариани.