Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Өзбекстан Республикасы Ұлттық ұланының қолбасшысы генерал-майор Рустам Джураев бастаған Өзбекстан Республикасы Ұлттық ұланының делегациясы жұмыс сапарымен Нұр-Сұлтанға келді. Бұл туралы Ұлттық ұланның баспасөз қызметі хабарлады.
Бүгін бауырлас республиканың әскери делегациясы Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының Жоғары қолбасшылығына барды.
Олардың Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының басшылығымен кездесуі кезінде брифинг өткізіліп, онда Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Руслан Жақсылықов қонақтарға құрылым туралы, атқарылған міндеттері мен әскердің даму перспективалары жайлы егжей-тегжейлі айтып берді. Сонымен қатар, қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету саласында бірлескен жаттығулар (тренингтер) өткізу, қос тарап ұйымдастырған спорттық жарыстарға екі жақ ведомстволары өкілдерінің қатысуы сияқты мәселелер қаралды, - делінген хабарламада.
Кездесуде делегация басшысы, генерал-майор Рустам Джураев қазақ-өзбек қатынастары терең тарихи тамыры мен ортақ рухани құндылықтары бар біздің халықтарымыздың достығы мен бауырластығынан күш алатындығын атап өтті.
Сапар барысында Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының Әскери институты мен Өзбекстан Республикасы Ұлттық ұланының Әскери-техникалық институты арасында Ынтымақтастық Меморандумын жасау мәселесі де пысықталды.