Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Өзбекстан астанасы Ташкенттегі «Ренессанс холл» кино-концерт залында өткен XIII халықаралық «Жібек жолының інжу-маржаны» кинофестивалінің жабылу салтанатына қатысты.
Ақтоты Райымқұлова құттықтау сөзінде қазақ және өзбек халықтарының туыстық, достық-бауырластығының тарихы тереңде екенін, екі елдің қатар туып тең өскен, тілі мен мәдениеті тамырлас туысқан халықтар екенін айтты.
Екі ел арасында ынтымақтастықтың берік құқықтық жүйесі құрылды. Осы уақытқа дейін Мәңгілік достық туралы келісім-шарт (1998 жыл) және стратегиялық әріптестік туралы келісім-шарт негізінде ағайын мемлекеттер арасындағы жан-жақты ынтымақтастық пен өзара сенім қағидаттары жазылған бірқатар құжаттар күшіне енген - деді министр.
Мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықтың нығаюы Қазақстан мен Өзбекстан басшыларының достық, көршілік және стратегиялық әріптестікті нығайтуға деген саяси ерік-жігері мен өзара ұмтылысының арқасында мүмкін болып отыр.
Осы орайда Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы гуманитарлық байланыстың орны ерекше екенін атап өткім келеді. Мәдениет пен өнер ортадағы көптеген игі істің іргетасына айналды. Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев айтып өткендей: «Біздің мақсатымыз – осы қарым-қатынасты, өзара сенімді нығайтып, оны кейінгі ұрпаққа жеткізу». Бүгінде екі мемлекет арасында өнер саласындағы байланыс белсенді дамып келеді. Мәселен, жыл сайын өзбекстандық шеберлер Алматыда өтетін Орталық Азия қолөнершілерінің жәрмеңкесіне қатысады. Нұр-Сұлтан мен еліміздің басқа қалаларындағы көркем галереялары мен мұражайларында танымал өзбек суретшілерінің көрмелері өтеді. Музыка және театр ұжымдар елімізде тұрақты түрде өнер көрсетуде. Өз кезегінде, біздің әртістеріміз – Самарқанда өтетін музыка фестиваліне белсенді қатысып жатыр,-деді Ақтоты Райымқұлова.
Осыдан кейін министр екі ел арасындағы кино саласындағы әріптестіктің тарихы тереңде екенін, Қазақстан мен Өзбекстан бірлесіп бірқатар тамаша фильм түсіргенін айтты.
Біз Мелис Абзалов, Дамир Салимов, Шухрат Аббасов, Али Хамраев сынды басқа да көптеген көрнекті, өнер шеберінің есімін мәңгілік есте сақтаймыз. Қазіргі өскелең ұрпақтың осы игі дәстүрді жалғастыруға күш салып келе жатқаны қуантады. Өзбек кинематографистері өз фильмдерін қазақстандық кинофестивальдерде тұрақты көрсетуде. Мысалы, Өзбекстанның халық ақыны Эркин Вахидовтың «Алтын қабырға» шығармасы негізінде түсірілген «Көршілер» атты фильм осының дәлелі,-деді Ақтоты Райымқұлова.