Қазақстан мен БАӘ мамандары кадрларды даярлау мәселелерін талқылады

4 Қараша 2021, 21:13
1112
Бөлісу:
Қазақстан мен БАӘ мамандары кадрларды даярлау мәселелерін талқылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Нұр-Сұлтан қаласында Біріккен Араб Әмірліктері делегациясының сапары барысында радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау шеңберінде өзара іс-қимыл бойынша келіссөздер өтті, деп хабарлады Қорғаныс министрлігінің ресми сайты.

Атап айтқанда, тараптар әскери білім беру және РХБ қорғау әскерлеріне кадрлар даярлау аясындағы ынтымақтастық, БАӘ әскери қызметшілерінің Қазақстандағы оқу-жаттығуларға қатысу мүмкіндігі, бөлімшелерді COVID-19 пандемиясына қарсы күресте қолдану, сондай-ақ мамандандырылған бөлімшелерді техникалық жарақтандыру мәселелерін талқылады.

Пандемиямен күрес тәжірибесі радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау әскерлерінің армиядағы қажеттілігін көрсетті. Әскери қызметшілер азаматтардың денсаулық қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеттерін орындады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес  Қарулы Күштерді дамытуда РХБҚ әскерлерін қос мақсатқа қолдануға аса назар аударылады. Оларды жетілдіру ел Президенті бекіткен Қарулы Күштердің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының құрылысы мен оны дамыту тұжырымдамасында көзделген, - делінген ақпаратта.
Қазақстан мен БАӘ мамандары кадрларды даярлау мәселелерін талқылады

Араб делегациясы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университетінде барып, радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау әскерлері мамандарының оқу үрдісін ұйымдастырумен танысты.

Сондай-ақ, елордалық бригаданың төтенше жағдайда жедел әрекет ететін РХБ қорғау ротасына барды. Қонақтарға Қазақстанның Қарулы Күштерінде қолданылатын қару-жарақ пен қорғаныс құралдарының соңғы үлгілері, жеке құрамды РХБ залалдан қорғау міндеттерін орындау әдістемесі көрсетілді.

Одан бөлек, сапар аясында ҚР ҚК Ұлттық әскери-патриоттық орталығына да барып қайтты. БАӘ қорғаныс ведомствосының өкілдері Қазақстан әскерінің құрылуы мен қалыптасу тарихымен, радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау әскерлерінің дамуымен танысты.

Өзгелердің жаңалығы