Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Алматы қаласындағы Мұрат Хамраев атындағы № 150 мектебінің директоры Мұхиддин Имашев Алғыс айту күні мерекесінің ерекшелігін атап өтті.
Алғыс айту күнінің маңыздылығы – бұл күні елімізде тұратын өзге ұлт өкілдері алдымен жақындарының көңілін табуға ұмтылуы тиіс. Жақсы істерді дәріптеу арқылы әрбір адамға құрметпен қарау керектігін түсінеді, – деді Мұхиддин Имашев.
Ол Алматы облысы Ұйғыр ауданы Үлкен Дихан ауылының тумасы. Қазіргі таңда алып шаһар Алматыда жүрсе де, өзінің кіндік қаны тамған туған жерін сағынатын айтып қалды.
2009 жылы Үлкен Дихан мектебін аяқтап, Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің география факультетіне оқуға түскен.
Кейіннен 2013-2015 жылдар аралығында білімін жалғастырып, магистратурада оқыған. 2020 жылы 9 қазаннан бастап Мұрат Хамраев атындағы № 150 мектебінде директордың міндетін атқарушы қызметін атқарды.
Алматыда жүрсем де, әрине, кіндік қаным тамған ауылым – Үлкен Диханды сағынамын. Себебі ол жерде менің балалық бал дәуренім өтті. Ата-анам, туыстарым, достарым, білім нәрімен сусындатқан мектебім, ұстаздарым бар. Кім туып-өскен мекенін сағынбайды дейсіз? - деді ол.
Мұхиддин Имашев оған қазақ тілін үйрену еш қиындық тудырмағанын айтып отыр.
Қазақ тілін жетік меңгергенмін. Үйрену еш қиындық туғызған жоқ. Туған ауылымда қазақтармен бірге өстім. Кейін жоғары оқу орнына түскенде қазақ тілді топты таңдап, білім алдым. Дипломдық жұмыс және магистрлік диссертацияны қазақ тілінде жазып, қорғап шықтым. Қазақ тілін жетік білгенім өмірде үлкен маңызға ие болды, - дейді мектеп директоры.
Айтуынша, еліміздегі өзге ұлт өкілдері Алғыс айту күнін өз отбасынан бастауы керек.
Бұл күні, біріншіден, ауылда қалған ата-анама алғысымды білдіремін. Осы күнге жетуіме үлес қосып, көп тер төккен ата-анам емес пе?! Кейін ұстаздарыма, жақын жора-жолдастарыма алғыс білдіріп, телефон арқылы хат жолдаймын. Бұл күн мен үшін ерекше қуанышты күн, - дейді Мұхиддин Имашев.
Сөз соңында Қазақстандағы ұлтаралық татулықтың қазіргі сипатына оң баға беріп, барша қазақ халқына ризашылығын білдірді.
Бүгінгі күні жасап жатқан мүмкіншіліктер үшін қазақ халқына, Елбасымызға, Президентімізге өз ризашылығымды білдіремін. Қазақстан мәңгілік ел болса, осы мемлекетте өмір сүріп жатқан барша ұлт мәңгілік боламыз, - деді ол.
Айта кетейік, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев 2016 жылы 14 наурызда Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күнін, яғни 1 наурызды Алғыс айту күні деп жариялаған болатын.