Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Биылғы жылғы 17 тамызда ҚР Президенті Қ.К. Тоқаевтың Корея Республикасына (Сеул қаласына) мемлекеттік сапары шеңберінде ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі М. Мырзағалиев Корей орман қызметі министрінің орынбасары Нам Тэхен мырзамен және орман секторындағы ынтымақтастық жөніндегі Азия ұйымының (AFoCO) Басқарушы директоры Рикардо Кальдерон мырзамен кездесті.
Бұл туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.Кездесу барысында орман шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық және Арал теңізінің құрғаған түбіне сексеуіл егу мәселелері талқыланды.
Тараптар Қызылорда облысында 13,3 мың гектар алқапта Арал теңізінің құрғаған табанын фитомелиорациялау бойынша сәтті іске асырылған бірлескен жобаны атап өтті.
Сонымен қатар министр М.Мырзағалиев Қазақстан Президенті Қ.К. Тоқаевтың экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында Арал теңізінің құрғаған түбінде 2025 жылға дейін сексеуіл отырғызу арқылы фитомелиорациялық жұмыстар жүргізу міндетін қойғанын атап өтті. Және министр корей тарапын осы жұмысқа қатысуға шақырды.
Өз кезегінде корея тарапы бұл жобаларды іске асыру бойынша қолдау көрсетуге дайын екендігін білдірді.
Кездесу қорытындысы бойынша ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мен Азия орман секторындағы ынтымақтастық ұйымы (AfoCO) арасында орман секторындағы ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойылды.
Бұл меморандумның басты мақсаты - Қазақстан Республикасында орман шаруашылығы қызметкерлерін оқыту және кәсіби даярлаудың өңірлік орталығын, сондай-ақ Орталық Азиядағы AFoCO өкілдігін ашуды пысықтау болып табылады.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар жақын арада аталған мәселелерді талқылау бойынша онлайн кездесу өткізуге келісті.
Сонымен қатар корея тарапы қазақстандық тарапты 2021 жылғы қарашада Сеул қаласында, сондай-ақ орман шаруашылығы жөніндегі Конгресте (2022 жылғы 2-6 мамырда Сеул қаласында) өткізу жоспарланып отырған «Орталық Азия – Корея Республикасы» ынтымақтастық форумына қатысуға шақырды.