Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан 85 мемлекет қатысқан жаһандық көлік қозғалысы бойынша рейтингте 51-орынға тұрақтады, деп хабарлады inbusiness.kz.
Индексте жұмысқа баруға жұмсалған уақыт, көміртек диоксидімен демалу көрсеткіші, жол қозғалысының тиімсіздігі ескерілген.
Рейтингтегі мәліметтерге сәйкес, қазақстандықтар орта есеппен 33,64 минутта жұмысына барады. Ал ауаға СО2 бөліну көрсеткіші – 4040,36.
Рейтингте көлік қозғалысы ең тиімсіз елдер қатарын Нигерия, Коста-Рика мен Кения бастайды. Ал көлік қозғалысы ең жайлы мемлекеттер қатарында Дания, Эстония мен Австрия бар. Мәселен, австриялықтар жұмысқа орта есеппен 25 минутта барады екен.
Бұл ретте 2021 жылдың қаңтарында елімізде көлік және логистика саласын дамытуға 26,6 млрд теңге инвестиция құйылған. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 33% жоғары.
Қаңтарда аталған соманың 47,3%-ы Қостанай облысына бөлінген. Яғни, 12,6 млрд теңге. Бұл да бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 6,4 есе жоғары. Одан кейінгі орында Алматы облысы – 3,4 млрд теңге, және Нұр-Сұлтан – 1,8 млрд теңге.