Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Президенті БҰҰ Бас Ассамблеясының төрағасы Волкан Бозкырмен кездесу өткізді, деп хабарлады Ақорданың ресми сайты.
Кездесу барысында Қазақстан мен Біріккен Ұлттар Ұйымы арасындағы ынтымақтастықтың басым бағыттары талқыланды. Пандемияға қарсы күрестегі бірлескен іс-қимылдарға, сондай-ақ, өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге ерекше назар аударылды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының төрағасы Волкан Бозкырдың Қазақстан мен аймаққа жасаған сапары Орталық Азияның рөлі артып келе жатқанын көрсететінін атап өтті.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының төрағасы Волкан Бозкырдың Қазақстан мен аймаққа жасаған сапары Орталық Азияның рөлі артып келе жатқанын көрсететінін атап өтті.
Орталық Азияда болып жатқан ахуалды бағалау тұрғысынан Сіздің бұл сапарыңыз аса маңызды. Аталған аймақ жаһандық саясат аясында зор маңызға ие болып келе жатыр. Өзіңізді БҰҰ Бас Ассамблеясының сайланған төрағасы ретінде көргеніме қуаныштымын. Сіздің осы жауапты әрі маңызды миссияңыз табысты болады деп ойлаймын. Біз Біріккен Ұлттар Ұйымын мультилатерализмнің діңгегі ретінде қарастырамыз. Қазақстан БҰҰ-ның мақсаттарын толық қолдайды. Ассамблея Сіздің дана басшылығыңызбен Ұйымның мақсатына қол жеткізуіне, әсіресе, қалыпты өмірдің барлық саласына әсер еткен пандемияның теріс салдары кезінде елеулі үлес қосады, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы халықаралық қоғамдастықтың пандемия салдарына қарсы күресте жұдырықтай жұмылуы қажет деп санайды.
Қазақстан халықаралық қоғамдастықтың жауапты мүшесі ретінде дағдарыстың салдарын еңсеру үшін барлық күш-жігерін жұмсайды. Біз өзіміздің төл вакцинамызды әзірледік. Келешекте, қажет болған жағдайда, оны мұқтаж елдерге ұсынуға дайынбыз, – деді Президент.
Волкан Бозкыр Қасым-Жомарт Тоқаевқа жылы қабылдағаны үшін алғыс айтып, Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалығының қорытындыларын, сондай-ақ, Сирия қақтығысын реттеу үшін жүргізген жұмыстарын жоғары бағалады.
Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының жұмысына өте белсенді атсалысады. Сіз БҰҰ жүйесінде көп жыл жұмыс істедіңіз. Тәжірибеңіз мол. Елдің басшылығы да Ұйыммен белсенді ықпалдастық жасайды. Қазақстанның Сирия қақтығысын Астана процесі ретінде белгілі бейбіт жолмен реттеуге қосқан үлесін қолдаймын, – деді БҰҰ Бас Ассамблеясының төрағасы.
Сонымен қатар әңгімелесу барысында Ауғанстандағы ахуалға байланысты өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету мәселелері де сөз болды.