Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жаңа жылдың алғашқы жұмыс күні Біріккен Ұлттар Ұйымының штаб-пәтерінде Қазақстанның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілдігі БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2021-2022 жылдарға сайланған жаңа мүшелерінің туларын салтанатты түрде орнату рәсімін өткізді.
Бұл туралы СІМ баспасөз қызметі хабарлады.БҰҰ ҚК залының алдында өздерінің ұлттық жалауларын Үндістанның, Ирландияның, Кенияның, Мексиканың және Норвегияның тұрақты өкілдері орнатты.
Қауіпсіздік Кеңесінің жаңа жылдағы жұмысының алғашқы күнінде рәсімді өткізу дәстүрі Қазақстан – 2018 жылдың қаңтарында дүниежүзілік ұйымның осы орталық органына төрағалық ету кезінде негізін қалаған болатын.
Рәсімді аша отырып, Қазақстанның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі Мағжан Ілиясов өткен жыл әлемнің барлық елдері үшін қиын болғанын атап өтті. 2021 жылы тұрақты даму, бейбітшілік пен қауіпсіздік көбіне БҰҰ мен оның Қауіпсіздік Кеңесінің шешімдеріне байланысты болатындығын баса айтып, ол 2020 жылы алған сабақтарды талдауға және ынтымақтастықтың, ымыраға келудің және жаһандық бейбітшілікке бейілділігінің үлгілерін болашақ жұмысымызда қолдануға шақырды.
Жаңа жыл бәріміз үшін және біздің дүниежүзілік ұйымымыз үшін үміт жылы болады. Біздің үміттерімізді барлық адамдар үшін шынайы игіліктерге және оң өзгерістерге айналдыру үшін нақты іс-қимыл қажет, – деді елші Қауіпсіздік Кеңесінің сайланған мүшелеріне арнаған сөзінде.Ол БҰҰ-ның негізгі органдарының бірінде белгіленген жұмыс жоспарларын жүзеге асыруда сәттілік тіледі.
Қазақстанның Тұрақты өкілі сонымен қатар коронавирустық пандемияға қарсы күрестегі ерлікке адалдығы үшін бүкіл әлемдегі медицина қызметкерлеріне, сондай-ақ ғалымдар мен зерттеушілерге COVID-19-ға қарсы вакциналар жасау жөніндегі жігерлі күш-жігері үшін ризашылығын білдірді.
Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы, Тунистің БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі Тарек Ладеб Қазақстанға іс-шараны ұйымдастырғаны үшін алғыс айтты. Оның айтуынша, пандемия жағдайындағы жұмыстың күрделене түскеніне қарамастан, бұл рәсім Қауіпсіздік Кеңесінің жаңа тұрақты емес мүшелеріне салтанатты жағдайда жаһандық бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау бойынша өз мандаттарын орындауды бастауға мүмкіндік берді.
Өз кезегінде Үндістанның, Ирландияның, Кенияның, Мексиканың және Норвегияның тұрақты өкілдері 2021-2022 жылдарға арналған Кеңестегі жұмысының басымдықтары туралы сөз сөйледі.
2019 жылы қаңтарда Қазақстанның Тұрақты өкілдігі БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі мүшелерінің тулары үшін Қазақстанда жасалған және қазақ ұлттық оюлармен безендірілген арнайы тұғырлар сыйлады.