Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан елшісі Мадияр Меңілбеков Біріккен Араб Әмірліктері Премьер-министрінің орынбасары, Президент істері жөніндегі министрі шейх Мансұр бен Заид Әл Нахаянмен кездесті.
Кездесуде тараптар екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жағдайын қарастырып, қос мемлекет басшылығының қатысуымен өтетін іс-шаралар жоспарын талқылады. Елші сауда-экономикалық әрі инвестициялық әріптестікке серпін беру мақсатында жоғары деңгейде өзара сапарлардың жоспарланғандығын жеткізді. Осы ретте, ол ауыл шаруашылығы, тау-кен өнеркәсібі, туризм, әуе қатынастары және құрылыс салаларындағы өзара тиімді инвестициялық жобалардың мол әлеуетке ие екендігі айтылды. Дипломат, сондай-ақ «Үміт» жасанды жер серігінің Марс ғаламшары орбитасына жетуіне орай Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың және Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Біріккен Араб Әмірліктерінің басшылығына құттықтаулар жолдағанын хабарлады.
Өз кезегінде шейх Мансұр бен Заид Әл Нахаян Әбу Дабидің Нұр-Сұлтанмен ынтымақтастықты арттыруға мүдделі екендігін растап, әлемде қалыптасқан күрделі жағдайға қарамастан, екі ел арасындағы өзара әріптестік барлық сала бойынша қарқынды дамып келе жатқандығын ризашылықпен атап өтті.
Биыл желтоқсан айында Қазақстанда тәуелсіздіктің 30 жылдық, ал Әмірліктерде бірігудің 50 жылдық мерейтойларының тұспа-тұс келуде. Бұл қос мемлекет басшылары қойып отырған биік мақсаттарға сәйкес өзара тиімді жаңа жобалармен толықтыруға ынталантырады, – деді шейх Мансұр бен Заид Әл Нахаян.