Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. «Тәуелсіз Қазақстан және Ислам құндылықтары» халықаралық конференциясында Сенат төрағасының орынбасары Нұрлан Әбдіров Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың құттықтауын оқып берді.
Биыл тәуелсіздік алып, егемен ел болғанымызға 30 жыл толып отыр. Қазақстан осы аралықта тәуелсіз мемлекет ретінде толық қалыптасты. Саяси, экономикалық және әлеуметтік бағыттармен бірге рухани салада зор табысқа қол жеткіздік. Тіліміз бен діліміз, дініміз бен дәстүріміз қайта жаңғырды. Асыл дініміз тәуелсіздікпен бірге қанат жайып, елде жаңа мешіт пен медресе бой көтерді, - деді Әшімбаев.
Ол атағандай, ата-баба аңсаған арман-мұрат орындалып, халқымыз діни ғұрыптарды еркін атқаратын күн туды.
Ізгілік пен имандылыққа үндейтін Құрбан айт та ұлттық мейрамға айналды. Жаһандық дінаралық диалог пен келісімді дамыту ісінде Қазақстан көпке үлгі көрсете білді. Оған елімізде тұрақты түрде өткізіліп келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі айқын дәлел, - деді Сенат төрағасы.
Ол атағандай, оның барлығы Елбасының ерен еңбегінің нәтижесі.
Қазақстан 30 жылда татулық пен тұрақтылықтың алтын бесігі ретінде танылды. Қазіргі таңда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен ауқымды істер атқырылып жатыр. Оған Қазақстанның діни басқармасы да зор үлес қосып келеді, - деді Мәулен Әшімбаев.