Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елордада «Қазақ интернеті: бүгіні мен болашағы» аясында қазақтілді медианы дамытудың жаңа трендтері талқыланды.
Қазақстандық youtube-блогер, сценарист, стендапер Нұрмахан Ахметов пандемиядан кейін интернет желісінің трендінде қандай жобалар болуы мүмкін екенін айтты.
Қазір интернетте көп қаралым жинайтын – подкаст секілді дүниелер. Одан кейін байқап жүргеніміздей, веб-сериалдар. Сондай-ақ, меніңше, қазір трендке айналып бара жатқан жоба – қазақ тіліндегі стендап. Жалпы, бұл жобалар үлкен қорқынышпен басталған дүние еді. Әйтсе де көпшілік көреді екен, – дейді ол.
Сонымен қатар блогердің пікірінше, қазақ тілді аудитория жыл сайын артып келеді.
Қазір кез келген жерде концерт өткіземіз десек, екі-үш сағатта билеттер өтіп кетеді. Афишасын алып тастауға тура келеді. Қазір көрерменге бұл жанрдың көпшілікке жеткеніне қуаныштымыз, – дейді ютубер.