Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Футболдан Қазақстан чемпионы Алматының «Қайрат» клубы жақын арада бұрын Лондонның «Арсеналында» ойнаған футболшымен келісімшартқа отырады.
Republika порталының мәліметінше, француз шабуылшысы Яя Саного жаңа клубқа ауысуға жақын.
Басылымға белгілі болғандай, «Арсеналдың» экс-орталық шабуылшысы мансабын «Қайратта» жалғастыруға ниетті.
Саного бұған дейін Сербияның «Партизан» клубымен байланысқа шыққан болатын. Оны клуб менеджерлері де растады, бірақ ойыншы мен клуб арасындағы келіссөздер жалақы мәселесіне келгенде «тоқтап қалған». Француз ойыншысы Белград клубынан жылына миллион еуро жалақы сұраған.
Портал Саного «Қайратпен» 1+1 жүйесі бойынша келісімге отырады деген ақпарат таратты.
Естеріңізге сала кетейік, Яя Саного Францияның Осерде қаласында туып өскен. Осындағы футбол клубында тәрбиеленген. Кейін Лондонның «Арсеналы» клубы сатып алды. Бірақ ойыншы бұл жақта жетістікке жете алмады. Сондықтан мансабын «Кристал Палас», «Аякс» және «Чарлтон Атлетикте» жалғастыруға мәжбүр болады. Ал 2017 жылдан бастап, «Тулуза» сапында ойнады. Бұл командада 63 ойында 12 гол соққан.