Нұр-Сұлтан. BAQ.KZ тілшісі. Қазақстан премьер-лигасының әрбір турына шолуды бастаған болатынбыз. Кезек алтыншы турға да келіп жетті.
«Тараз» (Тараз) – «Ақжайық» – 1:0Гол: Эуженио, 48 (1:0).
Әзірге «Тараз» таңғалдырумен келеді. Алтыншы турдан кейін турнир кестесінде «Қайрат» пен «Тобылдан» жоғары тұр. Матчқа тоқталсақ, «Тараз» шабуылдады, «Ақжайық» қорғанды. Негізі екі команданың да қауіпті шабуылдары көп болды. Егер кемі соның жартысын кәдеге жаратқанда ірі есеп тіркелер еді. Алайда ондайға жеткен жоқ. Матчтың тағдырын португалиялық Педро Эуженионың жеке шеберлігі шешті. Сөйтіп, алаң иелеріне үш ұпай сыйлады.
«Астана» (Нұр-Сұлтан)– Қызыл-Жар СК» (Петропавл) – 3:1
Голдар: Бейсебеков, 4 (1:0). Қасым, 40 (1:1).Томасов, 65 (2:1).Эбонг, 67 (3:1).
Екі Андрей, яғни Тихонов пен Карпович бапкерлердің өзара тартысында фаворит белгілі болатын. Қонақтар бірінші таймда шыдас бергенімен, үзілістен кейін барлық мәселе шешілді. Марин Томасов секілді шеберлер таблодағы есепті өздеріне қарай бұра білді. Қорытынды есеп – 3:1.
«Қайсар» (Қызылорда) – «Атырау» (Атырау) – 1:1
Голдар: Лаукжемис, 4 (1:0).Гузь, 83 (1:1).
Бұл екі команданың шамасы маусым басында-ақ байқалған. Ешқандай жоғары орындарға таласпайтыны анық. Өзара кездесуде матч тең аяқталды. Алаң иелері 4-минутта Каролис Лаукжемистың арқасында алға шыққан. Алайда кездесу соңында «Қайсар» футболшылары қорғанысқа жатып алды. «Мұнайшылар» шабуылдарын үдетіп, ақыры дегендеріне жетті. Мергендігімен көзге түскен Дмитрий Гузь болды.
«Жетісу» (Талдықорған) –«Ордабасы» (Шымкент) – 0:4
Голдар: Симчевич, 27 (0:1).Астанов, 57 (0:2). Жоао Пауло, 60 (0:3).Механович, 90+4-пенальтиден (0:4).
Өткен турда «Ордабасы» өз алаңында «Астанадан» ірі есеппен жеңілген. Сондықтан Талдықорғандағы матчқа ерекше құлшыныспен шыққан секілді. Ойын тізгінін бірінші минуттан қолға алып, мәселені негізгі үзіліске дейін шешіп тастады. Кездесудің үздік ойыншысы – Мирзад Механович. Ол бірінші таймда екі нәтижелі пас берсе, матч соңында өзі де пенальтиден бір гол соқты.
«Ақтөбе» (Ақтөбе)– «Шахтер» (Қарағанды) – 0:3
Голдар: Хубулов, 5 (0:1).Хубулов, 23 (0:2).Тәттібаев, 73 (0:3).
Осы матчтың алдында «Шахтердің» бас бапкері ауысқан еді. Команда тізгінін ресейлік Магомед Адиев ұстады. Оның дебюттік ойыны сәтті болды. «Кеншілер» сырт алаңда бұған дейін жеңілмей келе жатқан «Ақтөбе» қақпасына жауапсыз үш гол соқты. Осы жерде заңды сұрақ туындайды: сонда «Шахтер» ойыншылары бұған дейін Әли Әлиевті кетіру үшін әдейі ұтылып жүрген бе? Жаңа бапкер 1-2 күннің ішінде команданың ойынын реттеуі мүмкін емес жағдай ғой?..
«Тұран» (Түркістан) – «Каспий» (Ақтау) – 2:2
Голдар: Нүсіп, 31 (0:1).Нкоби, 60 (1:1). Нкоби, 67 (2:1). Караев, 84 (2:2).
Тең нәтиже екі команданы да қанағаттындармағаны анық. «Каспий» кездесуді сәтті бастап, екінші таймда жиі қателесетін болып жүр. Бұған дейін Қызылордадағы ойын да солай болған. Дегенмен осы жолы бір ұпайға ие болды.
Алаң иелері сапынан екі голды бұрын жайдарман ойнап, қазақтың тойларында ән салған Стэнли Нкоби соқты.
«Қайрат» (Алматы) – «Тобыл» (Қостанай) – 2:2
Голдар: Нұрғалиев, 3 (0:1).Канте, 20 (1:1). Канте, 67 (2:1).Николич, 70 (2:2).
Пенальти соқпады: Әліп, 81 («Қайрат»)
Алаңнан қуылды: Оганесян, 80 («Қайрат»).
Екі командаға да жеңіс керек болды. Бірақ ойын тең аяқталды. Қонақтар капитан Азат Нұрғалиевтің арқасында жылдам есеп ашқан. Бірақ «Қайрат» футболшылары таразы басын теңестірді. Сол қапталдан асырылған допты Хосе Канте өз керегіне жарата білді.
Екінші таймда Вагнер Лав-Мамба-Канте үштігі ұйымдастырған шабуылды соңғысы сәтті аяқтай білді. Бірақ бәрін «Қайрат» ойыншылары өздері бүлдірді.
Жоқ жерден қорғаушы Раде Дугалич қателесіп, отандасы Неманья Николичке жем болды. Сербиялық шабуылшы қателікті кешірген жоқ. Сосын алаң иелері сапынан екінші сары қағазын алып, Камо Оганесян алаңнан қуылды. Дегенмен бәрін реттеуге де болар еді. «Тобыл» қорғаушысы Дмитрий Мирошниченко өз айып алаңында Гүлжігіт Әліқұловты шалып құлатқан. Төреші пенальти берді. Бірақ нүктеге келген Нұрәлі Әліп қақпашыдан айласын асыра алмады. Әзірге Александр Мокин жарап тұр. Бұған дейін Түркістандағы суперкубокта, Қазақстан мен Франция кездесуінде де пенальти қайтарғаны бар. Киллиан Мбаппеге гол соққызбаған Мокинге Әліп аса қиындық тудырмаған секілді. Қорытынды есеп – 2:2.
«Таразбен» ойыннан кейін «Қайрат» клубының қожайыны Қайрат Боранбаев ашуға булығып, төрешілерге ренішін білдірген еді. Яғни командасын чемпионаттан шығарғысы келетіні туралы да ақпарат тараған. Әрбір тур сайын алаңнан бір ойыншысы қуылатын «Қайраттың» басшылығы бұл жолы қандай сын айтатыны әзірге белгісіз.
Осы ойыннан кейін «Қайрат» пен «Тобылда» 12 ұпайдан болды. Бұл екеуінің алдын 2 ұпайы көп «Астана» мен «Тараз» орап тұр.