Қайдарова: Қазақстанда жатыр мойнының қатерлі ісігі көрсеткіші өсіп барады

21 Қаңтар 2021, 18:04
2209
Бөлісу:
Қайдарова: Қазақстанда жатыр мойнының қатерлі ісігі көрсеткіші өсіп барады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бас онкологы, ҚазОРҒЗИ басқарма төрайымы, медицина ғылымдарының докторы Диляра Қайдарова тікелей эфир барысында айтты.

23 қаңтар күні сағат 09:00-14:00 аралығында Қазақстанның онкологиялық мекемелерінде және Алматы қаласындағы ҚР ДСМ Қазақ онкология және радиология ҒЗИ-де жатыр мойнының қатерлі ісігін ерте анықтау бойынша Ашық есіктер күні өтеді. Осыған орай бүгін ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бас онкологы, ҚазОРҒЗИ басқарма төрайымы, медицина ғылымдарының докторы Диляра Қайдарова «Жатыр мойнының қатерлі ісігі: алдын алу және скрининг» атты тікелей эфир өткізді.

2020 жылы Қазақстан бойынша 1830 жатыр мойнының қатерлі ісігі дерті тіркелді және бұл көрсеткіш өсіп барады. Жалпы, әлем бойынша 18-24 қаңтар аралығында жатыр мойнының қатерлі ісігі жөнінде ақпараттандыру апталығы өтіп жатыр. Негізі 30-70 жас аралығындағы әрбір әйел онкогинекологтың қабылдауынан өтуі керек. Онда жалпы тексеріс, жатыр мойнының жағдайын тексеру және онкоцитологияға қынаптан сынама алу процестері жүргізіледі. Қазақстанда бұл скрининг кез келген әйелге тегін жасалады. Сондықтан, әйелдерге скринингтен жылына кемінде бір рет өтуге кеңес береміз,  - деді ол.

Дәрігер тексеріс нәтижесінен қорқып, дәрігердің алдын көрмейтіндер көп екенін айтады.

Тексеріс барысында жатыр мойнының эрозиясы, дисплазия сияқты өзгерістер анықталуы мүмкін. Бұл өзгерістерді қатерлі ісік алдындағы симптомдар десе де болады. 2021 жылды Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жатыр мойны ісігімен күрес жылы деп белгіледі. Әрине, бұл күрес тек скрининг жүргізумен ғана шектелмейді. Вакцинация жүргізу де аса маңызды. Біз осы мақсатта бірқатар жеткізушілермен келіссөздер жүргіздік, өкінішке қарай, қазір Қазақстан вакцинаны елге жеткізу кезегінде тұр. Сол себепті, вакцина елге жеткізілгенше, гинекологқа жиі қаралған жөн, - дейді ол.

Айта кету керек, Қазақстанда жатыр мойны қатерлі ісігінің онкопатология құрылымында сүт безінің қатерлі ісігінен кейін екінші орында тұр. Жыл сайын жатыр мойны қатерлі ісігінің 1700-ден астам жаңа жағдайы және осы аурудан шамамен 600 өлім-жітім жағдайы тіркеледі. Жатыр мойнының қатерлі ісігімен сырқаттанушылығы 40-44 жасқа келеді. Қазақстанда 2008 жылдан бастап, жатыр мойны қатерлі ісігінің ерте анықтауға арналған Ұлттық скринингтік бағдарламасы бар. Тұрғылықты жері бойынша емханаларда тегін скринингтен өтуге болады.

Өзгелердің жаңалығы