Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Кай-Фу Ли: Қазақстан ЖИ дамуын жас көшбасшыларға сеніп тапсыруы – батыл қадам

1 Қазан 2025, 10:53
1006
Бөлісу:
 Артём Чурсинов
Фото: Артём Чурсинов

Жасанды интеллект саласындағы танымал сарапшы, Sinovation Ventures және 01.ai компанияларының бас директоры Кай-Фу Ли Астанада өтіп жатқан ЖИ-ді дамыту жөніндегі кеңес отырысында Қазақстанның батыл шешім қабылдағанын атап өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жақында менің досым, вице-премьер Жаслан Мәдиев Жасанды интеллект жөніндегі алғашқы министр болып тағайындалды. Бірақ одан да маңыздысы – Қазақстан стратегиялық шешімдерді жас әрі дарынды адамдарға сеніп тапсырды. Дәл осы жастар болашақты алға жылжытады деп ойлаймын. Олардың бірі қазірдің өзінде Қазақстандағы алғашқы компанияны құрды. Елдің келешегі өте жарқын көрінеді, – деді Кай-Фу Ли.

Сарапшының айтуынша, жасанды интеллект бұрын-соңды болмаған қарқынмен дамуда.

Бір жыл бұрын ЖИ-агенттер бүгінгі мүмкіндіктерге ие болған жоқ. Қазір олар ой қорытынды жасап, жаңа міндеттерді шешіп, адамдардың орнына күнделікті процестерді орындай алады. Болашақта жұмыс орындары тек адамдардан тұрмайды: барған сайын көп міндетті ЖИ-агенттер атқаратын болады. Бұл компаниялар мен мемлекеттер үшін миллиардтаған доллар құндылық әкеледі, – деді сарапшы.

Кай-Фу Ли Қазақстан үшін маңызды үш негізгі бағытты атап өтті.

Біріншісі – ашық кодқа негізделген шешімдер.

Бүгінгі әлем open source бағытында дамуда. Қазақстан ашық модельдерге көңіл бөліп, дұрыс таңдау жасады. Елге ІТ-алыптарымен бәсекелесудің қажеті жоқ, себебі олар жабық шешімдерге миллиондаған GPU жұмсайды. Ашық модельдер болашақты құруға жеткілікті, – деді сарапшы.

Екінші бағыт – ЖИ-агенттердің «революциясы».

Мұндай шешімдер орасан зор құндылық әкеледі. Мәселен, Қытай үкіметі 2027 жылға дейін мемлекеттік құрылымдардағы жұмыстардың 70 пайызын агенттер атқаруы керек деген мақсат қойды. Қазақстан да энергетика, білім, қаржы және мемлекеттік қызметтер саласында осындай ауқымды бағдарламаларды енгізіп, олардың тиімділігін жедел көрсете алады, – деді ол.

Үшінші бағыт – дәстүрлі компанияларды қолдау.

Кай-Фу Лидің пікірінше, классикалық кәсіпорындарға ЖИ-ді өздігінен енгізу қиын.

Сондықтан біз Alem.ai және «Қазақтелекоммен» бірлесіп, компанияларға AI-стратегияларын құруға және оларды тәжірибеде жүзеге асыруға көмектесетін кеңесші топтар құрып жатырмыз, - деді ол.

Сарапшы білім беру саласына да ерекше тоқталды. Пайымдауынша, Қазақстанда техникалық білімі жоқ адамдарға да жаңа дағдыларды меңгеруге мүмкіндік беретін сертификаттау жүйесін енгізу қажет.

Мұндай үлгі Қытайда сәтті жүзеге асуда: бұрын бағдарламалай алмаған немесе визуалды контент жасай алмаған адамдар қазір оны меңгеріп отыр. Сертификаттар мен ынталандыру жүйесі ЖИ-ді үйренуге қоғамның кең ауқымын тартады, – деді Кай-Фу Ли.

Сонымен қатар ол Қазақстанның әлеуеті тек білім беру бағдарламалары немесе технологиялық бастамалармен шектелмейтінін атап өтті.

Қазақстан жасанды интеллект саласында аймақтық көшбасшы болуға толық мүмкіндікке ие. Ол үшін осы бағыттарда батыл қадамдар жасау жеткілікті, – деп түйіндеді сарапшы.

Өзгелердің жаңалығы