Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Қазгидромет» РМК деректері бойынша еліміздің бес өңірінде дауылды ескерту жарияланды.
30 желтоқсанда Солтүстік Қазақстан облысында ауа температурасы күрт төмендеп, 27-32 градусқа дейін аяз көтеріледі. 31 желтоқсаннан 1 қаңтарға қараған түнде аяз 30-35 градусқа дейін, кей жерлерде 38 градусқа дейін көтеріледі.
31 желтоқсан-1 қаңтар аралығында Ақмола, Павлодар облыстарында ауа температурасы 30-35 градусқа күрт төмендейді. Облыстың солтүстігінде 38 градусқа дейін аяз көтеріледі. 31 желтоқсанда Қарағанды облысында ауа температурасы 25-30, кей жерлерде 35, 1 қаңтарда 30-35, кей жерде 39 градусқа дейін төмендейді.
1 қаңтарда Шығыс Қазақстан облысында ауа температурасы 31-36 градусқа төмендейді, кей жерде 39 градус аяз көтеріледі. Дауылды ескертудің ықтималдылығы - 95-100%.
Қатты аяз техногендік өрттердің өсуіне, халықтың тіршілігін қамтамасыз етудің коммуналдық жүйелеріндегі бұзушылықтарға байланысты авариялардың, көлік жұмысындағы бұзылулардың көбеюіне әкелуі мүмкін. Сонымен қатар халық арасында тоңазу, үсіп қалу және өлім жағдайларының көбеюі, авариялық-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу кезінде жағдайлардың нашарлау ықтималдығы бар.
Осыған байланысты, Төтенше жағдайлар министрлігі ауа температурасы өте төмен болған кезде далаға шықпауға, балалардың көшеде жүруіне жол бермеуге кеңес береді.
* Дауыл туралы ескерту алғаннан кейін туыстарыңыз бен көршілеріңізді ескертіңіз, өйткені олар бұл туралы естімеген болуы мүмкін.
* Қатты аяз болған жағдайда далаға шықпаңыз, жеке автокөлікпен ешқайда бармаңыз.
* Егер сізге әлі де сыртта жүру керек болса, үсік алмас үшін қолыңыздан келгеннің бәрін жасауға тырысыңыз.
* Аязды күні далаға қолғапсыз, бас киімсіз және шарфсыз шықпаңыз. Су және суық өткізбейтін, іші жылы биялай киген дұрыс. Табиғи материалдан тігілген қолғаптар ыңғайлы болса да, аяздан сақтамайды. Бет пен иекті шарфпен қорғауға болады. Желді суық ауа райында сыртқа шықпас бұрын, дененің ашық жерлерін арнайы креммен майлаңыз.
* Аязда металлдан (соның ішінде алтын, күміс) жасалған әшекейлерді – сақиналар, сырғалар және т.б. тақпаңыздар. Біріншіден, металл тез суық тартады, салдарнан теріге жабысып, адам жарақат алуы мүмкін. Екіншіден, саусақтағы сақиналар қалыпты қан айналымын тежейді. Жалпы, аязда жалаңаш терінің металмен жанасуын болдырмауға тырысыңыз.
* Желден қорғану керек, себебі желде үсіп қалу ықтималдығы әлдеқайда жоғары.
* Табаны сырғанамайтын аяқ киімді киіңіз, қажет болған жағдайда табанға жабысқақ лейкопластырь салыңыз.
* Абай болыңыз, әсіресе көшелерден, қиылыстардан өткен кезде, тек «өтуге болады» деген белгісі бар жерден өтіңіз, өйткені жүріп келе жатқан көлікті тоқтату үшін уақыт қажет.
Есіңізде болсын! Қатты аяз және көктайғақ кезіндегі жол аса қауіпті орын болып табылады. Өз өміріңізді сақтаңыз. Балаларыңыздың қауіпсіздігі туралы ойланыңыз, - деп ескертті ҚР ТЖМ баспасөз қызметі.