Катонқарағайда балалардың ойын алаңдарының саны артады

29 Мамыр 2020, 15:38
2679
Бөлісу:
Катонқарағайда балалардың ойын алаңдарының саны артады
Фото: автордан

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Катонқарағай ауданындағы елді мекендерде балалардың ойын алаңдарының саны артып келеді.

Бұл туралы аудан аумағында жүргізіліп жатқан абаттандыру жұмыстары барысымен таныстырған аудан әкімі Ренат Құрмамбаев хабарлады.

Өткен жылы бөлінген 10 миллион теңге қаражатқа біз аудан орталығы Үлкен Нарында, Алтынбелде және Катонқарағайда бір-бірден балалардың ойын алаңдарын орнаттық. Биыл Үлкен Нарын ауылының ішінде осындай екі ойын алаңын орнатпақпыз. Өйткені көпшіліктің сүйікті демалыс орнына айналған ойын алаңына кешқұрым ауылдың әр түкпірінен жиналатын халықтың қарасы көп. Сыймай жатады. Сол себепті келесі кезекте салынатын ойын алаңдарының бірін Абылайхан көшесінің бойындағы көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларына, енді бірін Кірпіш зауыты ауданына орналастыруды ұйғарып отырмыз. Тағы бір айтарлығы, біз ойын алаңдарына орнатылатын сырғанақтар мен ойын құралдарын отандық өндірушілерден сатып алуға тырысамыз. Осылайша, жергілікті өнімге басымдылық беріп отырмыз. Барлық сырғанақтар мен ойын құралдарында ұлттық нақыштағы оюларды байқауға болады, - деді Ренат Тілеуханұлы.

Сонымен қатар, өткен жылы аудан орталығында орнатылған балалардың ойын алаңының жанында хоккей қорапшасы да салынған. Онда балалар қыста хоккей ойнаса, жазда доп тебеді. Бұдан бөлек, ауыл ішіне биыл орнатылған 33 бейнебақылау камерасының бірнешеуі орталықтағы балалардың ойын алаңының маңын бақылауға арналған.

катон1.JPG

Бұл бірінші кезекте балаларымыздың қауіпсіздігі үшін істеліп отырған шара болса, екіншіден демалыс аумақтарындағы заттарды бұзақылық әрекеттен қорғауға арналған. Өткен жылы осындай жеті бейнеақылау камерасы бұрын аудан орталығы болған Катонқарағай ауылында орнатылған болатын, - деп қосты аудан әкімі.

Аудан орталығында бұрын-соңды мұндай ойын алаңдарының болмағанын алға тартқан ауыл тұрғындары соңғы жылдары осындай нысандар санының өңірде артып келе жатқанын айтады.

Өскемен қаласынан келген едік. Баларымызды ауылдағы ата-әжесінің үйіне қыдыртып әкелдік. Жыл өткен сайын ауылымыздың түрленіп келе жатқанын көріп көңіліміз қуанатыны рас. Қарапайым халықтың қолы бос уақытында осылай демалып, қыдыруына жағдай жасап отырған аудан билігіне айтар алғысымыз мол, - дейді Елена Цапенко есімді тұрғын. 


Өзгелердің жаңалығы